АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНА ЖАҢА БАСШЫ КЕЛДІ

Уақыты: 06.04.2021
Оқылды: 1359
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болып Рахмет ЕСДӘУЛЕТОВ тағайындалды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Журналистер үйінде өткен жиында Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли сөз алып, облыс әкімі Амандық Баталовтың өкімімен тағайындалған басқарма басшысын таныстырды. Өңір басшысының үлкен сенім артып отырғанын айтып, алдағы уақытта жауапты саланы жандандыратынына шек келтірмейтінін, саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнап келе жатқан білікті маманға сәттілік тілейтінін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған облыс әкімі аппаратының басшысы Төлеген Сәрсембаев мемлекеттік қызметке, өңір идеологиясының жаңғыруына бар ғұмырын, қажыр-қайратын арнап келе жатқан Р. Есдәулетовтің тұлғалық қырына тоқталды. Білікті маман, білгір басшы ретінде көптеген игі бастаманың, игілікті шаруалардың ұйытқысы болғанын атап өткен ол алдағы уақытта бірлесе жұмыс атқаратындықтарын жеткізді.

– Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының маған артқан сенімін ақтауға тырысамын. Бойымдағы бар білімімді, өмірден жинақтаған бар тәжірибемді маған жүктелген саланың жандануына жұмсаймын. Дегенмен, алдын ала асыра айтпай-ақ қояйын. Уақытында ел үшін игілікті істі баршаңызбен бірлесе атқарамын деп сенемін, - деді облыстық ішік саясат басқармасы басшысы болып тағайындалған Рахмет Есдәулетов.

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының директор, редакторлары, БАҚ өкілдері, басқарма басшылары, ішкі саясат басқармасы бөлімдерінің басшылары қатысқан жиында облыстық «Жетісу» газетінің бас реадакторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, айбоз ақын Әміре Әрін сөз алды. Ол:

– Қазір елімізде ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, тәжірбиелі кадр тапшылығы байқалып отыр. Ол жоғарғы эшелонда да, облыста да бар. Сондықтан да, осындай білікті басшыны үлкен салаға басшы ретінде жіберіп отырғаны үшін облыс басшысы Амандық Ғаббасұлына рақмет айтамыз. Рахмет Разбекұлы өмірін мемлекеттік қызметке арнап келе жатқан адам, – дей келе мәдениет, дін басқармаларында басшылық қызметті абыроймен атқарған Р.Разбекұлының жұмысына табыс тіледі.

Еске салайық, Рахмет Разбекұлы 1959 жылы 19 маусымда туған. Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын бітірген. 1981 жылы мәдениет саласында алғашқы еңбек жолын бастаған. Әр жылдары мәдени клубтарда меңгеруші, инспектор, аудандық, қалалық мәдениет бөлімдерінде жауапты қызметтер атқарған. 2010-2021 жылдары Алматы облыстық мәдениет, кейіннен мәдениет, архивтер және құжаттама, дін істері басқармаларында басшы болды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы