ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙ ТОЙЛАУ ЕМЕС, САЛМАҒЫ АУЫР ЖАУАПКЕРШІЛІК!

Уақыты: 10.04.2021
Оқылды: 1109
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тәуелсіздік жылдарындағы отыз жылда ауыз толтырып айтар толағай табысымыз мол. Қай саланы алып қарасаңыз да жеткен жетістігіміз баршылық. Әлбетте, тарих таразысына салсақ, 30 жыл деген қас-қағым сәт. Дегенмен, осы аз уақыттың ішінде кейбір елдер жүз жылдап жете алмаған биікке біз шықтық. Тілі, діні, ділі жойылған мемлекеттер қаншама? Олардың жанында терең тарих, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды сақтап келуіміздің өзі Мәңгілік Ел екеніміздің дәлелі.

Алысқа бармай-ақ тек Талдықорған қаласының қарыштап дамуын мысалға келтірсек болады. Тіпті, кейінгі бес жылдағы өзгерістерді алып қарайықшы. Жаңа ықшамаудандардың қарқынды салынуы, Қаратал жағасындағы алып демалыс орны, Жастар саябағының ашылуы секілді халық игілігіне арналған нысандар бой көтерді.

Облыс орталығының сәнін кіргізіп тұрған Салтанат сарайы, Көрме кешені, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры ерекше архитектурасымен көзге ыстық көрінеді. Талдықорғанға кіреберістегі әдемі қақпа, коттеджді қалашық келген қонақтарды бірден баурай жөнеледі. Әне-міне дегенше шымылдығын түретін халық- аралық деңгейдегі бассейн қаланы одан ары көркейте түсуде. Осының барлығы қасиетті де қастерлі тәуелсіздіктің жемісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы: «Тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар  барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы», – деген сөзі барлығымызға үлкен жауапкершілік жүктеді. Себебі, халықты жұмыспен, баспанамен қамтып, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар іске асуда.

Талдықорған қаласы бойынша 17 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Тұрғындарды баспанамен қамту үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы үй салуға қомақты қаржы жұмсалуда. Нәтижесінде, былтыр 1 200-ге жуық отбасы үйлі болды. Осы орайда «Отбасы банкі» арқылы қуанышқа кенеліп жатқан жандар аз емес. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тек той тойлап, мерекелеумен шектелмейді. Осы уақытқа дейінгі жемісті бастамаларды әрмен қарай жалғастырып, ел ертеңі үшін, келер ұрпақ үшін аянбай еңбек етуіміз басты міндет болып қала береді.

Мұрат БӨЛЕГЕНОВ,

«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Алматы облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің 1 санаттағы маманы