АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕК АТЫНДАҒЫ СЫНЫП АШЫЛДЫ

Уақыты: 12.04.2021
Оқылды: 1689
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қызылжар ауылындағы Ж.Жапаров атындағы орта мектепте белгілі журналист, тележүргізуші Бейсен Құранбекке арналған сыныптың ашылу салтанаты өтті. Шара барысында келген қонақтар Бейсен Құранбекке арналған көрмені аралап көрді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Сыныптың ашылу құрметіне орай, ауыл ақсақалы Тоқтасын Рахманбеков бата беріп, ақ жаулықты аналарымыз шашу шашты. Аудан әкімі Ғалиасқар Сарыбаев, Бейсен Абайұлының сыныптасы Жарас Тоқтасынұлы мен мектептің озат оқушысы Меруерт Адасхан лента қию рәсімін  жасады.

Шара барысында аудан әкімі Ғалиасқар Сарыбаев жүрекжарды сөздерін арнап, Бейсен Абайұлының осынау қасиетті Күреңбел өңірінің Қызылжар ауылында дүниеге келіп, оқып, білім алып, қысқа ғана ғұмырында биік белестерді бағындырғанын айтып өтті. Отыз жыл өмірін отандық  бұқаралық ақпарат құралдарына қызмет етуге арнаған оның «Қазақстан» Ұлттық арнасында жүргізген «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламаларын көрерменнің сүйсіне тамашалағанын тебірене жеткізді.

Жаңа ашылған сыныптың жетекшісі Қарлығаш Қабиқызы Бейсен Абайұлының өмірі мен шығармашылығына тоқталды. Жырдан қалам тербеген мектеп оқушылары Болатбай Жадыра мен Кеңесбай Әлихан Бейсен ағаларына арнаған өлеңдерін оқыды.

Бейсен Құранбектің бауыры Сәрсен Абайұлы да сөз алып, бауыры бастап кеткен «Абай оқулары», шахматтан жарыс қайта жалғасатындығын айтты. Спорт жағынан да түрлі іс-шараларды ұйымдастыру жағын қарастыратынын жеткізіп, туған-туыстары атынан ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Өкініштісі де сол, бірімізге бауыр, бірімізге аға, бірімізге ауылдас, бірімізге сыныптас, барша қазаққа танымал тұлға болған Бейсен Абайұлы өмірден ерте кетті. Десек те, оны ұмытпайтын артында қалың бұқара халқы мен жалынды жас ізбасарлары бар. Бейсен Құранбек мұражайының ашылуы - соның айқын айғағы.  

Ләйлә ЕСКЕНДІРҚЫЗЫ

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы