ҮШАРАЛ ӘУЕЖАЙЫ ҚАЙТА ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

Уақыты: 11.06.2021
Оқылды: 1326
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алакөл ауданы Үшарал қаласындағы әуежайда заманауи ұшу-қону алаңының құрылысы басталады. Қайта жөндеуден өткен соң әуежай кез келген ұшақ түрін қондыруға қауқарлы болмақ. Құрылыс жұмыстары кезінде туристер келу науқанында үздіксіз әуе рейстері қамтамасыз етіледі. Ұшақтар топырақтан жасалған аймаққа қонып, ұша алады. 

Ауқымды инфрақұрымдылық жобаны жүзеге асыру барысы облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен өткен жиын барысында талқыланды. Жиынға жобалаушы, мердігер компания өкілдеріне дейін жауапты тұлғалар қатысты. 
Амандық Ғаббасұлы аталмыш жоба бірнеше жыл бойы қаржыландыруды күткен мәселе екенін атап өтті. Оны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 4,7 млрд., жергілікті бюджеттен 2,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Жақын күндері нысанда құрылыс жұмыстары басталады. Жөндеудің бірінші кезеңінде ұшу-қону жолағын 2700 метрге дейін ұзартып, енін 49 метрге кеңейту жоспарланған. 
Қосалқы мердігер мекеме өкілі, «BI INFRA» компаниясының бас директоры Дархан Рахимовтың айтуынша, бетон-цемент төсемді төсеу жұмыстарына 100 адам, 50  техника, соның ішінде қуаттылығы жоғары бетон төсейтін 2 заманауи техника тартылады.  Ол инертті материалдарға қатысты мәселе туындауы мүмкін екенін айтты. Десе де, бұл да шешімін табатын сұрақ. Сондай-ақ, жергілікті цементті қолдану көзделген. 
Жұмыстың екінші кезеңінде жарық-дабыл жабдығы, периметрлі қоршау, бейнебақылау және патрульдік жол салынады.  
Әзірге құрылыс-монтаждау жұмыстарына жергілікті бюджеттен 200 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен 4,7 млрд. бөлінеді. Осылайша, жыл соңына дейін 4,9 млрд. толықтай игерілмек. 
Қайта жаңғырудан өткен соң әуежай «Boeing B767-300», «B767-200 ER», «B757-200/300», «Airbus A310-300», «TУ-154 М» сынды ұшақтарды қабылдай алатын болады. 
Жөндеу жұмыстары кезінде және азаматтық авиация комитеті жеңіл үлгідегі ұшақтармен авиатасымалдарға конкурс жариялағанға дейін «Южное небо» және «Жетісу» әуе компанияларымен уақытша коммерциялық рейстерді орындау ұсынылады. Осы компаниялардың жеңіл моторлы ұшақтары «Нұр-Сұлтан – Үшарал – Нұр-Сұлтан», «Алматы – Үшарал – Алматы» және «Талдықорған – Үшарал – Талдықорған» бағыттары бойынша рейстерді қамтамасыз етеді.
Амандық Ғаббасұлы Алакөл ауданы әкіміне мердігер компанияға қатысты барлық ұйымдастыру сұрақтарын шешуді және қажеттілікпен қамтамасыз етуді тапсырды. Яғни, жұмысшылар тұратын баспана, су және электр жарығы. 
– Бұл өте қажетті әрі маңызды жобаның бірі. Алакөл көлі – біздің облыстың ғана емес, Қазақстанның маржаны. Сондықтан, біз туристерді барынша ыңғайлы демалыспен қамтамасыз ету үшін қолдан келгенін жасаймыз, – деді аймақ басшысы. 
Жиын соңында Амандық Ғаббасұлы жоғары сапалы инертті материалдарды, цементті қолдану маңыздылығына тоқталып, жобаның жүзеге асуын өзі тікелей бақылауда ұстайтынын жеткізді. 

Еңлік МАРХАБЕКҚЫЗЫ