ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ: «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КЕЛІСІМ МЕН ЫНТЫМАҚ ӨЗГЕЛЕРГЕ ҮЛГІ»

Уақыты: 09.06.2021
Оқылды: 1156
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, еліміздегі татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің негізіне айналған ұлтаралық келісімнің тиімділігін арттырудың жолдары қарастырылды. ҚР  Мемлекеттік хатшысы Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, барлық облыстағы филиалдардың жетекшілері қатысқан жиынды Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Марат ӘЗІЛХАНОВ ашып, жүргізіп отырды.

Алқалы жиында Қазақстан халқы Ассам- блеясының ХХІХ сессиясының қорытындысы бойынша қалыптасқан міндеттерді таныстыру, ҚХА мен ҚХА кеңесінің құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ҚХА-ның қоғамдық марапаттары туралы Ережесін қайта бекіту туралы үш мәселе қаралып, еліміздің өркендеуі мен дамуына қажетті тетіктер талқыланды. Алғашқы мәселеге орай баяндама жасаған ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев мемлекеттің басты үлгісі саналатын қазақстандық келісім мен ынтымақ өзгелерге үлгі екендігін атап өтіп, осы бағыттағы жұмыстар толастамауы керектігін ескертті.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің ХХІХ сессиясынан этносаралық қатынастарды дамытуда, қоғамдық келісім мен бірліктің қазақстандық моделін жетілдіруде, қоғам мен мемлекет өміріндегі интеграциялық процестерді нығайтуда толағай табыстарға қол жеткізді. Аталмыш сессияның Қазақстан тарихындағы орны айрықша, – деген Мемлекет хатшы еліміздің тарихи даму кезеңіндегі жетістіктер мен мүмкіндіктерді саралады. – Өйткені, ол ең алдымен қазіргі Қазақ мемлекетінің негізін қалаушы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің тәуелсіздік алғаннан бері ұлтаралық және дінаралық татулық пен тұрақтылықты сақтау бағытында атқарған зор жұмысының қорытындысы ретінде таңбаланды. Өздеріңізге белгілі, бүгін мемлекетіміздің жаңа басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүкілхалықтық сайлау қорытындысымен Президент болып сайланғанына екі жыл толды. Бұл тарихи сәт тағылымы мол сабақтастықтың, саяси бағдарды сақтай отыра үндестіктің, әділеттіліктің және дамудың принциптеріне негізделген жаңа басқару әдісін қалыптастыруға, жаңа заманның жаңа шақыруларына лайықты жауап беруге мүмкіндік ұсынады. Елбасының сессияда сөйлеген сөзін, татулық пен келісім саясатының мәні мен мазмұнын түсіндіруде, сондай-ақ, жаһандану жағдайындағы ұлттық құрылымның күрделі процестерін интеграциялық қатынастарда қазақ халқын өзек ретінде қалыптастыруға пайдалануға әбден болады.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасындағы ұлтаралық татулықтың үлгісін дамыту жолында елімізде туып-өсіп, оң мен солын танып, тарихи Отанына оралған барша қазақстандықтармен арадағы байланысты нығайту мәселесін Қазақстан халқы Ассамблеясы көтеруі керек. Сол жолда табысты жұмыстар атқару әлемдегі ынтымақ пен бейбітшілікті қалыптастыра түседі.
Одан соң Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің құрамына кірген азаматтардың есімі таныстырылып, ҚХА-ның қоғамдық марапаттары туралы Ережесін қайта бекіту туралы мәселе ашық дауыс беру арқылы талқыланды.

Мәди АЛЖАНБАЙ
Сурет ғаламтордан алынды