СУ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОЙЫЛАДЫ

Уақыты: 16.06.2021
Оқылды: 1020
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қарасай ауданында халықты ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше маңыз беріліп келеді. Қаскелең су топтамасы жүйесі іске қосылғаннан кейін Алатаудың етегінде орналасқан ауылдардың басым көпшілігі су тапшылығынан арылатыны жайлы айтқан болатынбыз.

Осы жүйеден тысқары қалған Бірінші май ауылдық округіне қарасты үш ауылды сумен қамтамасыз ету мәселесі де биыл толықтай шешіледі деп күтілуде. 
– Бірінші май ауылдық округінде Бекболат, Қайнар және Сауыншы елді мекендері  орналасқан, – дейді округ әкімі Елдос Мұқатаев. – Кешеге дейін ауыл халқы  су тапшылығын тартып келген. Бұл өз кезегінде тұрғындардың тұрмысын ауырлататыны ақиқат. Сол себепті, аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың қолдауының нәтижесінде екі бірдей резервуар салу жұмысы қолға алынды. Былтыр жазда басталған құрылыс бүгіндері толық аяқталып, қазір құбырларды тексеру, сынақтан өткізу және залалсыздандыру жұмыстары жүргілізіп жатыр.  Аталған шаралар аяқталғаннан кейін ауылдарға су толыққанды жіберілетін болады. 
Мұның сыртында елді мекендерде кәріз жүйесін салу мәселесі де шешілмей келген еді. Өткен жылы басталған жұмыстың нәтижесінде 11 шақырымдық кәріз жүйесі қалпына келтіріліп, алдағы уақытта пайдалануға берілмек. Тұрғындар 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Демек, ауыл халқы да қалалық өркениеттің жемісін толықтай татады деуге болады.
Біз Қайнар ауылының жоғарғы жағында, тау бөктерінде бой көтерген жаңа су резервуарының жұмысымен таныстық. Құрылыс жұмыстарын атқарған «Қарасайқұрылыс» ЖШС-нің учаске басшысы Жанат Құлболдинов құны 224 млн. теңгеге жобаланған Қайнар ауылын сумен қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтіру және салу шаралары толықтай аяқталып, бүгіндері сыйымдылығы 1000 текше метр болатын екі резервуарға су толтырылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, ауыл ішінде ұзындығы 10,8 шақырым болатын су құбыры, құбыр бойындағы 126 құдық пен апатты жағдайда суды бекітетін сырмалар салынған екен. Демек, биылғы жылы аталған елді мекендердің тұрғындары су тапшылығынан толықтай арылады деуге негіз бар.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы
Сурет ғаламтордан алынды