САРҚАН АУДАНЫНДА АУЫЛҒА ӘКІМ БОЛАМ ДЕГЕН ТОҒЫЗ КАНДИДАТ БАР

Уақыты: 25.07.2021
Оқылды: 1673
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сарқан ауданында үш ауылдық округте ауыл әкімін сайлау өтуде. Бұл туралы "Жетісу" газеті Сарқан ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Сайлауға үш округтен жастары 25 пен 50 жас аралығындағы 9 кандидат қатысты. Сынға түсіп жатқан барлық кандидаттар осы күнге дейін ауыл-аймақты аралап, жалпы округті дамытуға арналған бағдарламалырын тұрғындарға таныстырған.

Бүгінгі сайлауға ең алғашқылардың бірі болып, жасы 70-ті алқымдаған Гүлсия Сембекқызы келсе, артынша 18 жастағы Перизат Төлеген де тысқары қалмай өз дауысын берді.

«Мен ең алғашқы рет сайлауға қатысуым. Әрине, мен үшін бұл сайлау орны ерекше. Неге десеңіз, біз дауыс беріп, жеңіске жеткен жаңа ауыл әкімі ел сенімін ақтап, ауылымызды одан әрі дамытып, халқының қамын жейтін басшы болса онда, менің сайлауда жасаған дұрыс таңдауым деп білемін. Бүгінігі сайлау мен үшін тарихи күн», - деді Перизат Төлеген.

Жалпы, Аманбөктер ауылдық округінде 265 сайлаушы тіркелген. Ауылдық округ әкіміне 3 кандидат сынға түсуде. Солардың бірі - Шырынгүл Нұрханова. Шырынгүл Батайқызы мемлекеттік қызметте 20 жылға жуық табысты еңбек етіп жүрген білікті маман.

"Мен осы ауылдың мәселесін жақсы білемін. 20 жылдай ауыл әкімдігінде жұмыс істеп келемін. Егер әкім ретінде тағайындалатын болсам, ең алдымен интернет, жол мәселесін қолға алып, туризм саласына мән бермекпін. Ауылдың әлеуетін көтеруге өз үлесімді қоса аламын деп ойлаймын", - деді Шырынгүл Батайқызы.

Айта кетейік, бүгінгі өткен сайлауға 3 округ, 6 елді-мекеннен 3 мыңға жуық сайлаушылар өз дауыстарын бермек.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"