ТОҚСАНҒА ТАЯҒАН ҚАРИЯ: "АУЫЛ ӘКІМІН САЙЛАУ ТАРИХТА БОЛМАҒАН ЖАҒДАЙ"

Уақыты: 14.09.2021
Оқылды: 1019
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының Шұбар ауылдық округінде әкім сайлауы өтті. Сайлаушылардың ішінде жасы тоқсанға таяған қария да болды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы тапсырма берді. Мемлекет басшысының пәрменіне сәйкес, ағымдағы жылы 25 шілде күні республика аумағында ауыл әкімдерінің сайлауы өткен еді. Алматы облысында барлығы 71 ауылдық округте әкім сайлауы қорытындыланды. Осы жексенбіде саяси науқан Кербұлақ ауданы, Шұбар ауылдық округінде жалғасын тапты.

Атаулы күні өз таңдауын жасауға 88 жастағы ауыл тұрғыны Орынтай Қазақпайұлы келді. Ауыл ақсақалы саяси доданың бәсі биік екенін, сондай-ақ, болашақ әкімнің мойнына артылар міндеттің жүгі ауыр болатынын атап өтті.

- Шағын ауыл үшін сайлау өзінше бір мереке. Бұл - тарихта болмаған жағдай. Ауылдың өсіп-өркендеуі жолында білікті маман қажет. Сондай тұғырлы адам сайланады деп сенемін. Ауыл шаруашылығынан хабары бар маман келсе екен деп ойлаймын. Өйткені, халықтың табыс көзі де осы ауыл шаруашылығында, - деді тыл ардагері Қазақпай Орынтай.

Шарада Онжас ауылы тұрғындары да өз таңдауын жасады. Айта кетейік, Шұбар ауылдық округінің әкімін сайлауға 3 учаске жұмыс істеді. Мұндағы сайлаушылар саны 1143 адамды құрайды. Соның ішінде 179 ауыл тұрғыны нөмірі 625-ші сайлау учаскесіне дауыс беруге тіркелген. Жауаптылар аталған аймақта дауыс беру барысында заң бұзушылықтар орын алмағандығын атап өтті.

- Мен нөмірі 625-ші сайлау учаскесінде хатшы қызметін атқардым. Ешқандай олқылық орын алған жоқ. Ауыл халқы өз таңдауын жасады, - деді Марзия Абдраимова.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"