БІЗ ТАЛДЫҚОРҒАННЫҢ ЕҢ АЯНЫШТЫ КЕЗІН ДЕ КӨРДІК: АКТЕРДІҢ ЕСТЕЛІГІ

Уақыты: 15.09.2021
Оқылды: 1018
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласының Алматы облысы орталығы болғанына аттай жиырма жыл толыпты. Осынау шақта біз де сөз басын өткен шақтан бастағымыз келіп отыр. Өйткені тотыдай түрленіп, уақыт санап гүлденген шаһардың біз көрген, біз таныған тарихы да айшықтауға лайықты.

Көз көрсе көңіл су ішер келбетке ие Талдықорған осыдан жиырма жыл бұрын жадау тіршіліктің шекпенін жамылған, азып-тозған шаһар еді. Тірліктің талғажау етер дүниесі бұл қаладан табылмаған соң, жұрт біткен жанбағыс қамымен қоныстарын қонсы қондырып жатты. Өзге қалаларға, ауылдарға көшкен адамдардың қарасы қалың еді. Әрбір жанның кеудесінде «бұл қаланың болашағы жоқ» деген қорқыныш сезімі маздап тұрған.

Сол бір қиын кезеңде біз – Бикен Римова атындағы драма театрының бүгінгі аға буыны өмір мен өнер алауын қатар үрледік. Қаңыраудың алдында тұрған қалада тұрақтап, киелі өнердің ошағы сөнбеуі үшін бойдағы қажыр-қайратты сарқа еңбектендік.

Ақыл-ой алыбы Абай хакімнің «Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек»  дегеніндей, ол тұста замана желі адамдардың тұрмыс-тіршілігінен бөлек, ой-санасын да құбылтып тұрғанын жасыра алмаймыз. Солқылдақ көпірдің үстінде арқаннан ұстанып келе жатып шырағын желден қорғаймын деп қос қолын қайда жүгіртерін білмеген жандай біз де екіұдай күй кештік-ау. Жадау тіршілік, мардымсыз жалақы жанға салмақ салмайды деп айту жалған болар?!

Дегенмен, киелі өнер үшін театр майталмандары асқан табандылық танытты. Декорацияларын, киімдерін шанаға тиеп алып, шапқылап жүріп өнер көрсете білдік.  Сол бір қысталаң жылдарды көзімен көрген жан ретінде осынау ойды санамда жаңғыртқым келгені де осыдан. Өйткені, әрбір тұлғаның өмірлік тарихы болатын секілді, әрбір мекеннің, қаланың да өз тарихы, шежіресі болмай ма?

Біз Талдықорғанның сол тарам-тарам тарихының ең аянышты кезін де көзбен көре білдік. «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» дегендей, бүгінде сәт санап түрленіп келе жатқан шаһардың айшықты ажарына қарап, өткенін де жадымызда бір жаңғыртып қоямыз.

Шүкір дейміз! Шын қуанамыз. Бүгінде есік-терезелері үңірейген, қабырғалары сөгілген бірде-бір пәтер жоқ. Бұрынғы бет-бейнесі мен бүгінгі ажары құдды шыңырау мен шыңның арасындай қашықтықта. Бесіктегі баланың беліне алтын сапты алдаспан ілгеніне дейінгі осынау уақытта біз шана сүйреткен сол бір табандылығымызды бекзат өнер үшін ары қарай да көрсете білдік.

Әсем қалада өткен түрлі рухани шараларда, мәдени жиындар мен мемлекеттік мерекелерде театр актерлері белсенділік көрсетіп келеді. Әсем қаланың облыс орталығы статусына ие болған осынау жиырма жылдың ішінде өткен сан мыңдаған қуанышты іс-шараларда қасиетті өнер ошағының майталмандары мен жас таланттары өнерін көрсетті. Қолдау білдірді. Осының өзі тұғырлы қала тарихына қосқан өзіндік үлесіміз шығар деп пайымдаймын. 

Ескен желдей ентіге жылжыған уақыт бәрін көрсетеді екен. Талдықорған бүгінде барша қазақстандықтардың мақтана көрсетер қалаларының біріне айналды. Біз де алыстан ат арытып келген қадірменді қонақтарға әсем қаланың кез келген тұсын ұялмай аралататын болдық. Күні кеше ғана олимпиадалық стандарттағы Талдықорған орталық хауызы ашылып, ел игілігіне берілді. Нысанның сыртқы көрінісінің өзі көз сүйсіндіреді. Сол секілді аз жылдың ішінде ел игілігіне берілген Қаратал жағалауы, «Жастар» мәдениет-демалыс саябағы, көрме кешені, Салтанат сарайы, музыка мектебі сынды көптеген мәдени нысандар, сан шаңырақтың шаттығын асқақтатқан тұрғын үйлер қаламызды түрлендіре түсті. Біз осылардың бәріне шын сүйсініп, қуанып келеміз. 

Осы ретте, бүкіл театр ұжымына жаңа ғимарат салып беремін деп бір жиында уәде етіп, аттай екі жылдың ішінде теңдесі жоқ театр салып, игілігімізге ұсынған Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың іскерлігін айрықша атап кетсем артық етпес. Театрымыз бүгінде өзінің сан қойылымымен елді қуантып келе жатса, әсем ғимаратымыз шабытымызға шоқ түсіріп, көкірек көрігімізді маздата үрлеп келеді.

Осының өзі біз үшін үлкен жетістік емес пе? Ендеше, тотыдай түрленген, өнері мен өмірі гүлденген қаланың абыройы әрқашан асқақ болатынына өз басым сенімдімін. Талдықорған ақындардың ақық жырында, қаламгерлердің әдеби шығармасында, ұлы тарих жолында кемелдене, көріктене бергей!

Серік НҰРХАЛЫҚ,

«Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы