ҚАПШАҒАЙДА ЖЫЛУҒА ТӨЛЕМЕЙТІН БОРЫШКЕРЛЕРГЕ ЕСКЕРТУ БЕРІЛДІ

Уақыты: 23.09.2021
Оқылды: 1107
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қапшағай қаласы мен елді мекендері жылыту маусымына дайын деуге болады. Өңір қысқы мезгілге жетерлік сұйық және көгілдір отынмен қамтылып жатыр.

Қаланы жылумен қамтитын «Қапшағай жылу» КМ-нің құзырына 2002 бюджеттік мекеме кіреді. Соның ішінде 8-і білім беру, екеуі денсаулық сақтау, 13 әлеуметтік нысан және 1236 тұрғын үй мен тағы басқалары бар. Жылу желісінің жалпы ұзындығы 58 шақырымға таяу, оның 51,49 шақырымы жер астында болса, 6,37 шақырымы әуедегі желілер.

Ең қуантарлығы, қала әкімінің тапсырмасымен сәуір айынан бастап қала аумағы толығымен жыл он екі ай тоқтаусыз келетін ыстық суға қосылуы. Бұл қапшағайлықтар үшін ерекше тарту болды. Ағымдағы жылы 92 нысанның 88-не ағымдағы, 4-не күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Қазіргі таңда жылу желілерінің 14 аумағы (1,11 шақырым) ағымдағы, 16-сы (6,788 шақырым) күрделі жөндеуден өткізілген.

Атқарылған жұмыстың есебі апта сайын облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына және ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне жіберіліп тұрады. Сонымен қатар, жыл бойы абоненттік бөлімі мен мекеме заңгерлері дебиторлық төлемнің берешектерін азайту жұмысын жүргізеді. Бұл қызметті алушыларға қарыздары бойынша үнемі «ЕИРЦ» қағазы арқылы ескертулер жасалып тұрады.

Яғни, әр айдың 15-не дейін пәтер иелері кооперативтері қызметкерлеріне берешегі бар үйдің тізімі беріліп, сонымен бірге, олардың сот шешімін орындау жарияланымдары жасалады. Сондай-ақ, олар қаладағы барлық мекеме, кәсіпорын және әскери орынның басшыларымен тығыз байланыс орнатып, борышкерлердің қарызын дер кезінде өтеуіне шара қолдану жолы қарастырылады.

Қ. ОМАРАҚЫН

Қапшағай қаласы

Сурет ғаламтордан алынды