ЕРЕУІЛДЕН КЕЙІН ҰСТАЛҒАНДАРДЫ ҰРЫП-СОҒЫП, АЗАПТАП ЖАТҚАНЫ РАС ПА?

Уақыты: 23.01.2022
Оқылды: 1003
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бас прокуратура елде болған жаппай тәртіпсіздік кезінде ұсталған азаматтарды азаптап жатыр деген ақпаратқа ресми түсінік берді.

«Бүгінде прокуратураға азаптау және полиция қызметкерлерінің тергеу барысында азаматтардың құқығын бұзу дерегі бойынша 91 шағым түсті. Әр шағымға шара қолданып жатырмыз. 19 шағым бойынша көрсетілген заңбұзушылық расталмады. Ал 56-сы бойынша тексеру жүріп жатыр. Сондай-ақ, кей жағдайда азаматтардың құқығы бұзылғаны расталды. Мысалы, 12 қаңтарда Алматы қаласы прокуратурасының араласуымен заңсыз қамауда отырған 24 қала тұрғыны босатылды», - деді ҚР Бас прокуратурасы бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның мәлімдеуінше, аталған фактілер бойынша арнайы прокурор тергеу жүргізіп жатыр. "Ұсталғандарға қатысты адам өлімі, азаптау, билігін асыра пайдалану деректерімен қылмыстық істер тергелу үстінде. Республика бойынша осындай 16 қылмыстық іс басталды. Одан бөлек, құқық қорғау органы қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінің алдын алу мақсатында барлық өңірде арнайы мобильді топтар құрылғанын тағы бір еске саламыз. Азаматтар прокуратураның ресми сайтымен қатар облыстық және Бас прокуратураның сенімді телефоны арқылы жүгіне алады", - деді ол.

"ҚАЗАҚПАРАТ"