ТАЛҒАРДА ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ КЕСІРІНЕН БІР АДАМ МЕРТ БОЛДЫ

Уақыты: 27.01.2022
Оқылды: 1268
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар ауданында жол-көлік апатын жасаған полиция қызметкері қамауға алынды. Оқиға салдарынан 20 жастағы жолаушы көз жұмды.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Алматы-Талғар тас жолының 12-ші шақырымында болған. «Тойота Прадо» және «Хонда Стрим» көліктеріне қатысты жол апаты бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі және 347-бабына сәйкес іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Оқиға салдарынан «Хонда Стрим» көлігінің жүргізушісі және жолаушысы түрлі дене жарақатымен Алматы қаласындағы облыстық ауруханаға түскен. 20 жастағы жолаушы ауруханада көз жұмған. «Тойота Прадо» көлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып, көлікке соғылып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Көп ұзамай полиция оны қолға түсірді. Тексеріс кезінде анықталғандай, жол талғамайтын көлікті ішкі істер органында қызмет істейтін адам жүргізген. Облыстық полиция департаменті қызметтік тексеріс жүргізіп, ол адам жұмыстан қуылды. Қазір барлық сараптама тағайындалып, тергеу жүріп жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"