ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА ЖАППАЙ АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ ШАРАСЫ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Уақыты: 19.04.2022
Оқылды: 1266
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Үмбетәлі ауылына апаратын күре жолдың бойын көгалдандыру мақсатында ағаш көшеттерін жаппай отырғызу жұмыстары жүргізілді. Сол күні ауыл тұрғындары Алматы-Бішкек күре жолынан бастап Үмбетәлі ауылына дейінгі шамамен үш шақырымдай жолдың бойына 200-ден астам тал, терек көшеттерін отырғызды.

Игілікті іс-шараны ауыл ақсақалдары Бәкір Әбілов пен Серік Молдахметов ағалар ақ батамен бастады. Ақ самайлы ардагерлер жол бойындағы әбден ескірген ағаштарды осыдан 75-80 жылдай бұрын біздің әкелеріміз отырғызған еді, енді сол әкелер ұрпақтарының жаңадан ағаш отырғызып, сауапты іс жасап жатқандықтары өте жақсы болды деген ақ пейілдерін білдірді.

Бұл шараға ауыл жастары ғана емес, ауылдың қамқоршылық кеңесінің мүшелері Тілек Сарманбеков, Ү.Кәрібаев музейінің меңгерушісі Әуелбек Ысқақов, ауыл молдасы Қисан Қонысбектер де бір кісідей атсалысты. Осы жерде бұл шараға ұйытқы болған Жамбыл ауданының белгілі азаматы кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Айдын Жүнісов екендігін айта кеткен жөн.

Осыған дейін өзінің қарамағындағы қызметкерлерімен Жамбыл ауданының Таран, Үлгілі, Мыңбаев, Қарғалы, Жаңақұрылыс ауылдарына 1150 көшет отырғызған Айдын Серікұлы бұл күні Үмбетәлі мен Шолаққарғалы ауылдарының айналасына 200 көшет егуді мақсат етіпті. Бұл бастамаға ауыл әкімінің міндетін атқарушы Қуаныш Батырбаев қолдау білдірді.

Үмбетәлі ауылымен жапсарлас жатқан Шолаққарғалы ауылының тұрғындары да бұл жұмыстан сырт қалмады. Аталған ауылға Дәурен Әбдібаев, Бекен Жиенқұловтардың ұйымдастыруымен 50 ағаш көшеті отырғызылды.

Ағаш көшеттері Үмбетәлі музейінің ауласына да отырғызылды. Бұл шаруаны осы музейдің жұмысшылары Нүрсәт Әбдірахимов, Зарықбай Абишев, Құрманбай Қыстаубаев, Жұмабек Көрпебаев ойдағыдай атқарып шықты.

Ағаш отырғызу бар да оны ары қарай баптап, суару жұмыстары бар. Ол жұмысты әкімдіктің бастамасымен ауыл жастары түгелдей өз мойындарына алды. 

Аида ЫСҚАҚОВА,

Үмбетәлі Кәрібаев музейінің қызметкері

Жамбыл ауданы,

Алматы облысы