БРАКОНЬЕРЛІККЕ ТОСҚАУЫЛ! АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА "АҚБӨКЕН" АКЦИЯСЫ ӨТІП ЖАТЫР

Уақыты: 20.04.2022
Оқылды: 1147
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Охотзоопром ӨБ» Оңтүстік-Шығыс өңірлік филиалының өкілдері мен облыстық орман шаруашылығы жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бірлескен жиыны өтті. Келелі басқосуда браконьерлікке тосқауыл бойынша «Ақбөкен», "Киік" кеңауқымды акциясын жүзеге асыру бойынша бірқатар шаралар қабылданды.

Өз кезегінде сөз алған облыстық орман шаруашылығы жануарлар дүниесін қорғау инпекциясы басшысының орынбасары С.Нұржігітов күн тәртібіндегі мәселелерді таныстырып, аталған шараға жауапты қызметкерлерді тыңдады.

«Киік» кең ауқымды акциясының мақсаты – Қазақстан Республикасы аумағында браконьерлікпен күресті күшейту. Жауапты инспекторлар заңсыз аң аулауға, өсімдіктердің немесе жануарлардың түрлерін олжалауға, сатуға, тасымалдауға қарсы іс-қимыл және алдын алу шаралары бойынша жоспарлы жұмыс жүріп жатқандығы жайында баяндап, әлі де жоспарлы жұмыс жалғаса беретінін атап өтті.

Бүгінгі таңда Алматы облысының аймағында жүзге таяу ақбөкеннің тұқымы бар. Ол Қаратал, Лепсі өзенінің бойы, Қаратау, Шарғанаты мекендерінде қоныстанған. 15 сәуір – 15 мамыр аралығында «Ақбөкен» акциясы өтіп жатыр. Қазіргі уақытта бөкендердің төлдейтін кезі. Осы аралықта олардың қауіпсіздігін сақтап, көбею мәселесіне үлкен мән берген жөн.

Осындай ауқымды шараға байланысты өткен жиында табиғат қорғаушылары өз пікірлерін ортаға салды. Инспекцияның жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы Д.Байтелиев пен «Охотзоопром ӨБ» Оңтүстік-Шығыс өңірлік филиалының бас маманы Б.Көккөзов өткен жылдың жұмысын саралай келе алдағы уақытта атқаратын істің жұмыс жоспарын да баяндап өтті. Сондай-ақ, облыс аумағында төрт трек пункті, бес адамнан жасақталған төрт топ браконьерлікпен күрес жұмысын үздіксіз атқарады. Бұл шара Республика бойынша кең көлемде жүзеге асып келеді.

Осы тұрғыда табиғат байлығына қол сұққан адамдар заң талабына сәйкес жауапқа тартылатынын ескерте кеткен жөн. Табиғаттың байлығына жанашырлық танытып, оны қорғауға қоғам болып атсалысайық.

Саяхмет СҮЙІНДІКОВ,

«Охотзоопром ӨБ» Оңтүстік-Шығыс өңірлік филиалының жедел топ жетекшісі