ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ПСИХИАТРИЯЛЫҚ МЕКЕМЕДЕН ЖАНТҮРШІГЕРЛІК ДАУЫС ШЫҒАДЫ

Уақыты: 25.04.2022
Оқылды: 1076
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғандықтар жергілікті психиатриялық диспансер ғимаратынан шығатын жантүршігерлік дауысқа шағымданды. Бұл туралы әлеуметтік желіде видео тарады.

Tengrinews.kz сайтына шыққан ақпаратта белгілі болғанындай, жергілікті психиатриялық аурухана тұрғын үйдің қасында орналасқан жаңа ғимаратқа көшкен. Тұрғындар әлеуметтік желіге психиатриялық аурухана ғимаратынан шығатын жантүршігерлік дауысты түсірген видеоны жариялады. Желі қолданушылары түрлі пікір жазды.

"Отбасымызбен күнде осы жантүршігерлік айғайды тыңдаймыз. Бұл не шу? Аптаның жеті күні таңнан кешке дейін дауысты неге тыңдап отыруымыз керек?" - деп жазды талдықорғандықтар.

Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бұл оқиғаға жауап беріп, емдеу мекемесіндегі шу маңайдағы тұрғындарға неліктен жететінін түсіндірді.

"Дауыс бірінші қабаттағы палатаның терезесін ашып, желдеткенде шығады. Ол палатадағы науқасқа "орталық жүйке жүйесінің жедел зақымдануы" диагнозы қойылған. Бұл церебральды сал ауруы, микроцефалия. Яғни, бұл науқаста мінез-құлықтың өрескел бұзылуы, агрессия мен аутоагрессия құбылыстары, бірінші деңгейдегі сөйлеудің, ақыл-ойдың дамымай қалу деген секілді белгілер бар, сондықтан осындай дауыстар шығарады. Ол мүлдем сөйлей алмайды, сөйлеген сөзді түсінбейді, сондықтан оны тыныштандыру өте қиын. Бұл палатаға күн түсетіндіктен науқас сол жерге орналастырылған. Тұрғындар шағым түсіргеннен кейін науқас басқа палатаға ауыстырылды", - деді басқарма өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"