ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА ТОҒЫЗ ЖАСАР ОҚУШЫ ҚЫЗДЫ ИТ ТАЛАП ТАСТАДЫ

Уақыты: 28.04.2022
Оқылды: 1453
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жамбыл ауданында 9 жастағы баланы ит талап тастады. Бала ауруханада жатыр.

«Оқиға кешкі сағат 19:00 шамасында болды. Нақты мекенжайы Жамбыл ауданына қарасты Ақсеңгір ауылы, Атажұрт көшесі, 29 үй. Аталған тұрғын үйдің ауласы қоршалмаған. Бос жүрген ит 9 жастағы Шәріпжан Халифаны талап тастаған. "Жедел жәрдем" баланың жарақатын таңып, балалар ауруханасына жеткізді. Қазіргі уақытта онымен бірге анасы Мақпал Алманова ауруханада жатыр. Дәрігерлер баланың жағдайы тұрақты екенін айтты. Бала ақылы бөлімде ем алуда. Ақсеңгір ауылының тұрғындары, еріктілері көпбалалы отбасына көмек қолын созып, ұйымшылдық танытуда. Ауыл әкімі Ержан Қасымшалов көпбалалы отбасына қаржылай көмектесетін болды. Баланы қауып алған ит ұсталып, Ұзынағаш ауылының ветеринарлық станциясына қамалды», - деді Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақтияр Айталы.

Әкімдік өкілінің айтуынша, биыл ауыл тұрғындарының өтініші бойынша арнайы қызметкер иттерді аулау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, Жамбыл ауданында 469, оқиға болған Ақсеңгір ауылында 30 ит ауланған.

Алматы қалалық балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары Алуа Жексенова ит талаған оқушың қал-жағдайы туралы айтты. «Ата-анасының қалауымен бала біздің орталыққа жеткізілді. Оқушыға қабылдау бөлімінде құтыруға қарсы иммуноглобулин салып, бөлімшеге жатқыздық. Келгендегі жағдайы орташа ауыр болды. Қазір бала орташа ауырлықта. Бірақ динамикада жағдайы тұрақталған және құтыруға қарсы вакцинасы схема бойынша салынып жатыр. Дәрігерлердің бақылауында. Хаттама бойынша ем жасалады. Қазіргі уақытта баланың өміріне қауіп жоқ», - деді дәрігер.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"