ҮШ ОБЛЫСТЫ ҚҰРУ ТУРАЛЫ ЖАРЛЫҚ ПРЕЗИДЕНТ ҚАРАУЫНА ЖІБЕРІЛДІ

Уақыты: 29.04.2022
Оқылды: 1231
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарын құру туралы Жарлықтың жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарауына енгізілді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында үкіметтік комиссия құрылып, ауқымды жұмыстар атқарылды. Жарлық жобасын дайындау кезінде аудандық және облыстық мәслихаттар деңгейінде бірқатар жария тыңдаулар өтті. Сонымен қатар, Республикалық ономастика комиссиясының отырысы өтіп, онда жаңа облыстарға атаулар беру туралы ұсыныстар қолдау тапты. Ауылдық елді мекендерде жергілікті атқарушы органдар тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын өткізді.

ҚР Президентінің бастамасы жаңадан құрылатын өңірлердің тұрғындары мен қоғам белсенділері, аудандық және облыстық деңгейдегі депутаттар тарапынан қолдау тапты. Қоғамдық пікірлер мен ұсыныстар ескеріле отырып, қайта ұйымдастырылатын және жаңадан құрылатын өңірлердің шекаралары айқындалды. Үкімет қаулысымен ҚР Президентінің қарауына тиісті Жарлықтың жобасы енгізілді.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру жөнінде тапсырма берген болатын.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"