ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ӘСКЕРИЛЕРГЕ АЛҒЫС ХАТ ТАБЫСТАДЫ

Уақыты: 11.05.2022
Оқылды: 1879
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл. Осыған орай, І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Талдықорған қаласының әкімі Әсет МАСАБАЕВТЫҢ қатысуымен «Ел намысын ер қорғайды, ер ерлігін ел қолдайды» атты мерекелік шара өтті.

Әуелі, қала әкімі бастаған топ Мәңгілік Алау мен Даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Отан үшін от кешкен ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Шара барысында сөз алған Әсет Дүйсебекұлы:

– Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен, Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан әскері – мемлкетіміздің Тәуелсіздігі мен тыныштығының кепілі. Бар ғұмырын Отанын қорғауға арнап, қызметтерін адал, мінсіз атқарып жүрген әскери қызметшілерге алғысымызды білдіреміз. Еліміздің тыныштығы жолындағы қызметтеріңіз табысты болсын, – деп ізгі тілегін білдірді.

Өз кезегінде Талдықорған гарнизонының штаб бастығы, подполковник Алмас Төлегенов, қалалық Қарулы Күштер ардагерлер кеңесінің төрағасы Талғат Бердікенов жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін айтты.

Жиында өнегелі өмірін әскери іске арнап, өз қызметін мінсіз атқарған әскери қызметкерлер қала әкімінің Алғыс хаты және Құрмет грамотасымен марапатталды.

Шара соңы мерекелік концертке ұласып, жиналғандар рухты көтеретін патриоттық әндермен құлақ құрышын қандырды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы