БҮГІН ТЕКЕЛІДЕ ЛАЙ КӨШКІНІ ЖҮРІП, БЕС ЖАСАР БҮЛДІРШІН КӨЗ ЖҰМДЫ

Уақыты: 15.05.2022
Оқылды: 1446
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Текеліде лай көшкіні жүріп, бес жастағы бүлдіршін көз жұмды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің сайты Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

«15 мамыр күні сағат 18.15-те қызметтік иттің көмегімен Текелі қаласында лай көшкіні кезінде қаза тапқан 2016 жылы туған қыз баланың денесі бұзылған үйінді астынан табылды», - делінген ресми хабарламада.

Айта кетсек, бүгін түскі сағат 13:00 шамасында Текелідегі Қонаев көшесінде лай көшкіні жүріп, бес жастағы қыз бала жоғалып кетті. Оны іздеуге екі жүздей адам жұмылдырылды. Текелі қаласындағы лай көшкінінің алдын ала ұзындығы 50, ені 25, биіктігі 3,5 метрге дейін жеткен. Ал көлемі 4375 текше метр болды. Көшкіннен жеке тұрғын үй қирады, бір үй балшықтың астында қалды, тұрғын үйлердің тағы төртеуінің ауласын ішінара лай көшкіні шайып кетті.

Лай көшкенінің алдын ала себебі де жарияланды. «Алдын ала анықталғандай, бүгін 15 мамыр күні сағат түнгі сағат 01:30-дан 13:00-ге дейінгі арықта жауын жауған. Сонымен қатар, бұған дейін бүлініп тұрған құбырдан су аққан. Салдарынан топырақ батпаққа айналған. Үйлердің бірінде 5 жасар қыз қалған. Ал қалған тұрғындар қауіпсіз жерде болған», - деді департамент өкілдері.

Оқиға орнында Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың жетекшілігімен штаб құрылды. Штаб жұмысына облыстық ТЖД басшылығы, облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, полиция департаменті тартылды. Іздеу-құтқару жұмыстарына және төтенше жағдай салдарын жоюға барлық тиісті құралдар мен күштер жұмылдырылды. Жедел желі, психологиялық қызмет жұмысы ұйымдастырылды.

- Оқиға бүгін болған. Сағат 12:00 шамасында төтенше жағдайлар қызметіне лай көшкіні жүргендігі жөнінде хабарлама түсті. Салдарынан Қонаев көшесінің бойындағы бір үй бүлінген, төрт үйдің ауласын батпақ басқан, - деді Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілі Азамат Жұртбаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"