ҮШТӨБЕДЕ ІШІМДІК ІШКЕН ЕР АДАМ ҮЙІНЕ КЕЛГЕН ҚОНАҒЫН АЗАПТАП ӨЛТІРДІ

Уақыты: 15.05.2022
Оқылды: 1404
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қаратал ауданы, Үштөбе қаласының тұрғыны үйінде өзімен дастарқандас болған адамның кеуде тұсына пышақ сұғып өлтірді деген күдікпен ұсталды.

«Қаратал аудандық ауруханасының дәрігерлері полицияға хабар түсірді. Олар жер үйлердің бірінен пышақпен азапталып өлтірілген 47 жастағы адамның мүрдесі табылғанын жеткізген. Тәртіп сақшылары оқиға орнынан қанға малынған асүй пышағын тәркіледі. 52 жастағы үй иесі күдікті ретінде ұсталды. Күдіктінің бұған дейін де түрлі қылмыс жасап, бес рет сотталғаны анықталды», - делінген Алматы облыстық полиция департаменті хабарламасында.

Белгілі болғанындай, мерт болған адам мен күдікті бірге ішімдік ішкен, артынша екеуінің арасында жанжал туындап, оқиға адам өлімімен аяқталған. «ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, яғни, «Адам өлтіу» фактісі бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Күдікті қамауда. Айғақзаттар тәркіленді. Қажетті сараптамалар тағайындалды», - деп толықтырды полиция өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"