АТА ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТУ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА ТҰР. БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ РЕФЕРЕНДУМ

Уақыты: 18.05.2022
Оқылды: 1251
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Еліміздің Конституциясына өзгерістер енгізуді бүкілхалықтық референдум арқылы өткізуді ұсынған Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ бастамасы көпшіліктің көңілін тербеген қадам болып отыр. Елордадан бастау алған түсіндіру жұмыстарының бағыты референдумның қандай маңызды екендігін ұғындырып, қарапайым халықтың белсенділігіне серпін беріп отыр.

Өз басым ауылды жердің қыры мен сырына қанық жан ретінде шалғай елді мекендердегі жұртшылықтың жаңа реформаға асқан сеніммен қарап отырғанын айтар едім. Қазір әрбір ауылда түтіні түзу шыққан шаңырақта бүкілхалықтық референдум талқыланып, отбасы мүшелерінің мәселені егжей-тегжейлі түсінуге ұмтылып жүргенін байқадым. Осының өзі ғасырлар бойы әділдік жолын күткен халқымыздың бойындағы аңсарды, ұмтылысты білдіреді. Себебі соңғы 30 жылдың ішінде тамыр-танысы мықтының ғана аты озғанын көріп келген қарапайым тұрғындардың болашаққа деген сеніміне селкеу түскен еді. Бір илеуі ішінде кеткен мәселелердің қайта қолға алынып, халықтың игілігіне жұмыс істейтін тетіктерді іске қосу талпынысын байқаған жанның бойында соңғы кезде бір өзгеріс, бір түлеу білінеді. Соған сай еліміздің басты құжаты – Конституцияға енгізілер өзгерістерді қолдау керектігін іштей ұғынған азаматтардың белсенділігі анық байқалуда.

Күллі Қазақстанды қамтыған түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде Президенттің отбасы мен туған-туыстарына ерекше мәртебе бермеу, кең-байтақ жеріміз бен оның ішіндегі қазба байлықты халықтың игілігіне жарату сынды мәселелерге ұлт болып ұйысқанда ғана өзгеріс енгізу болатынын ұғынатын уақыт келгенін түсінгендей болдық. Ендеше, өз үнімізді білдіріп, қолдау көрсететін мезгіл келді.

Алмас ҚЫСТАУБАЕВ,

«Агрофирма «Бірлік» ЖШС басшысы

Балқаш ауданы

Алматы облысы