ЛАЙ КӨШКІНІНЕН КӨЗ ЖҰМҒАН ҚЫЗ БАЛАҒА ҚАТЫСТЫ ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАДЫ

Уақыты: 16.05.2022
Оқылды: 1797
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлеуметтік желілерде Текеліде лай көшкінінен қаза болған қыз баланың денесін жақындары мәйітханадан ала алмай жатыр деген жалған ақпарат тарады.

«Баланың мүрдесін мәйітханадан алдық. Ертең сағат 10:00 шамасында жерлейміз», - деді қаза болған баланың анасы Гүлнәр Тілеухан. Текелі қалалық әкімдігі де баланың денесін мәйітханадан алу барысында ешқандай қиындық болмағанын жеткізді. «Баланың мүрдесін Талдықорғандағы мәйітханадан Текеліге алып келді. Әкімдік жерлеу рәсімін өз мойнына алды. Қазір әлеуметтік желілерде баланың мүрдесін мәйітханадан ала алмай жатыр деген жалған ақпарат тарауда. Сондықтан, халықты ресми ақпараттарға жүгінуді сұраймыз», - делінген Текелі қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Текеліде лай көшкіні жүріп, бес жастағы қыз бала жоғалғанын, бірнеше сағаттан кейін лай астында қалған денесі табылғанын хабарлаған едік.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"