ДЕПУТАТТАР ҚАРАСАЙ АУДАНЫНА КЕЛІП, РЕФЕРЕНДУМ БОЙЫНША КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Уақыты: 19.05.2022
Оқылды: 1225
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мақпал ТӘЖМАҒАМБЕТОВА мен Данияр ӘЛІМБАЕВ Қарасай ауданына келіп, елімізде жүруі тиіс Конституциялық реформаны халыққа түсіндіру мақсатында жұртшылықпен кездесті.

Депутаттар алдымен «AMANAT» партиясының аудандық филиалында мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен жүздесті. Мақпал Мазаққызы Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға жан-жақты тоқталып, саяси жүйені жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті. Сөзінде мәслихаттардың ықпалы артатыны, Конституциялық соттың құрылатыны, өлім жазасы мүлде жойылатыны, азаматтарға билікке араласуға бірқатар мүмкіндіктер берілетіні және басқа да демократиялық қағидаттардың берік орнайтынын тарқата әңгімеледі.

Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды бірге құру жөніндегі халыққа Үндеуіне сәйкес осындай тарихи шешім қабылданғанын, Заңның 33 бабына 50-ден астам түзетулер дайындалғанын, мұның өзі қоғамның сұранысына негізделіп, халықтың талап-тілегінен шығып отырғанын айтып өтті. Саяси реформалардың түпкі мәнін түсіндіре келе, әділетті қоғамды қалыптастыру жолындағы өзгерістердің уақыты келгенін жете ұғынып, оған жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Өз кезегінде халық қалаулыларымен жүздескендер де сөз алып, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жанат Исақұлов, Қаскелең қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Несіпбала Әбділдаева Мемлекет басшысының еліміздің саяси жүйесін жаңғырту мақсатындағы байыпты бастамаларын және Ата Заңда орын алатын өзгерістерді қолдайтындықтарын білдірді.

Парламент депутаттары одан кейін Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында түрлі ұлт өкілдерімен кездесіп, мұнда да алда болатын саяси науқанға халықтың белсенді қатысуы керектігі төңірегінде келелі ой-пікір қозғады. 5 маусым күні дауыс беру учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасаудың қажеттігі айтылды.

Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың мән-маңызын жиналғандарға кеңінен түсіндірген депутаттар қарасайлық өзге ұлт өкілдерінің осы орайдағы пікірлерін сұрап білді. Өз ойымен бөліскендер қатарында денешынықтыру пәнінің мұғалімі Индира Ниетова, медбике Гүлнар Асланова, оқытушы Ольга Шкарупина және Абай ауылының тұрғыны, облыстық мәслихат депутаты Жанна Жазықбаева референдумға тек өздері ғана қатысып қоймай, маңызды науқанға таныс-біліс, туған-туыстарын да шақыратынын жеткізді.

Халық қалаулылары «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында келушілер назарына қойылған музей жәдігерлерін аралап көрді. Сонымен қатар осы ауылдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ауданның спорт саласы қызметкерлерімен кездесті. Конституцияға бұған дейінгі түзетулер әр жылдары Парламент депутаттарының дауыс беруі арқылы енгізіліп келсе, енді республикалық референдумда бүкіл халықтың қалауымен өзгертілетінін, бұл жоба көптің талқылауына ұсынылғанын, Конституциялық реформалардан бастау алатын алдағы өзгерістер елдің болашағына елеулі әсер ететінін түсіндіре келе, Парламент жұмысымен де таныстырып, депутаттар қарауына ұсынылған заң жобаларын сөз етті. Іссапар кезінде мәжіліс депутаттарымен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаныбек Айтжанов бірге жүрді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы