ҚАПШАҒАЙ СУ ҚОЙМАСЫНДА ТАҒЫ БІР ЕР АДАМ ҚҰТҚАРЫЛДЫ - ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ

Уақыты: 31.07.2022
Оқылды: 1253
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қапшағай су қоймасында тағы бір ер адам құтқарылды. Бұл туралы Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.

"Түнгі сағат 22.00-де Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне Қапшағай су қоймасының демалыс аймағында 1988 жылы туған ер адам сағат 19-00 шамасында скутерде белгісіз бағытта жүзіп кетіп, қайтып оралмағаны туралы хабарлама  түсті. Оқиға орнына Қонаев өңірінің жедел-құтқару жасағы аттанды. Құтқарушылар сағат 23:10-да құтқару кеудешесін киген ер адамды жағалаудан 700-800 метр қашықтықтан тапты. Ер адам демалыс аймағынан скутерде жүзіп кетіп, кейін оның қозғалтқышы өшіп қалған (бензині таусылған). Ол скутерді өз бетінше жағаға сүйреп жеткізу туралы шешім қабылдап, алайда өз күшін есептей алмай, су көлігін жібере салған. Скутер белгісіз бағытта ағып кеткен. Құтқарушылар уақытында көмекке келіп, ер адамды жағаға жеткізді және судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша нұсқау берді. Құтқарылған азаматқа медициналық көмек қажет болған жоқ", - делінген департамент хабарламасында.

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті азаматтардан судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"