ҚЫЗ БАЛАНЫ ҰЛТЫ БАСҚА БІРНЕШЕ АЗАМАТ ЗОРЛАДЫ ДЕГЕН АҚПАРАТ ЖАЛҒАН

Уақыты: 01.08.2022
Оқылды: 1791
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаркент өңіріндегі жантүршігерлік қылмысқа қатысты Жетісу облысының әкімдігі түсініктеме берді.

"Бүгінгі күні қылмысқа қатысы бар, бұрын сотталған 38 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды. Оның үстінен кәмелет жасына толмаған қыз баланы зорлау және өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция тарапынан тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмысын мойындаған күдіктіге заң аясында қатаң жаза қолданылатын болады. Ал жекелеген әлеуметтік желілерде қыз баланы ұлты басқа бірнеше азамат зорлап өлтірген деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жерде ұлтаралық мәселенің еш қатысы жоқ. Қазір Панфилов ауданында жағдай тұрақты. Өңірдегі жағдай облыс әкімдігінің, құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында", - деді Жетісу облысы әкімінің баспасөз хатшысы Думан Алтынбек.

Еске сала кетейік, Панфилов ауданына қарасты Шолақай ауылында 15 жастағы оқушы қыз жоғалып кетіп, кейіннен жасөспірімді зорлап өлтіргені белгілі болды. Бүгінгі таңда күдікті ұсталған. Полиция тарапынан тергеу амалдары жүріп жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан