ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНА САЙЛАНАТЫН КАНДИДАТТАР ТІРКЕЛДІ - ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 02.08.2022
Оқылды: 1444
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Jetisy media» ақпарат алаңында баспасөз мәслихаты өтті. Брифингке аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық қатысып, Жетісу облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жайында мәлімет берді.

Бүгінге дейін Сенат депутаттығына 11 кандидат ұсынылып, оның алтауы ресми тіркелді. ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына Жетісу облысынан екі депутат сайланады. Аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық баспасөз мәслихатында кандидаттарға қойылатын талаптарды айтты. Сонымен қатар, тіркелген кандидаттардың тізімі мен олардың лауазымдарына кеңінен тоқталды. Сайлау комиссиясының тәртібі бойынша кандидаттарды мәслихат ұсынады және өзін-өзі ұсыну арқылы да жүзеге асады.

Кандидаттарды ұсыну 30 шілде, сағат 18:00-де аяқталды. Ал кандидаттарды тіркеудің соңғы күні – 3 тамыз сағат 18.00. Ұсынылғандардың ішінде 1 – аудан әкімі, 3 – мемлекеттік қызметші, 2 – коммерциялық, 4 бюджеттік ұйым  қызметкері және 1 қоғамдық бірлестіктің қызметкері бар.

Сенат депутатын сайлау мәслихаттың бірлескен отырысында дауыс беру арқылы анықталады. 50 пайыз дауыс жинаған кандидат ҚР Парламенті Сенатына депутат болып сайланады.

Брифингте толыққанды ақпар берген аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық жиын соңында журналистер сауалына жауап берді.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Жетісу облысы