ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ ЖАҢАДАН ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 03.08.2022
Оқылды: 1503
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы лауазымына Қобылан Манап тағайындалды.

Қобылан Тоқбергенұлы 1975 жылы Көксу ауданында дүниеге келген. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «еңбек және техникалық шығармашылық» және «құқықтану» мамандықтарын, М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы мен Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген.

Мемлекеттік қызметтегі жалпы еңбек өтілі - 14 жыл. Мемлекеттік қызметте еңбек жолын Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы болып бастаған. Осы мемлекеттік органда бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, басқарма басшысы болған.

2011-2020 жылдары Алматы облысы Ескелді ауданының әкімі, Алматы облысының кәсіпкерлік басқармасы, Алматы облысы әкімі аппараты, Алматы облыстық сәулет және қалақұрылыс басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет атқарған. Департамент басшысы лауазымына тағайындалғанға дейін Қ.Манап Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі болды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"