НАРЫНҚОЛДА КАРТОП ӨҢДЕЙТІН БІРДЕ-БІР КӘСІПОРЫН ЖОҚ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 07.08.2022
Оқылды: 2960
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Нарынқол өңіріне сапары аясында Төте асуындағы батыр бабамыз Райымбектің ескерткішіне тағзым етті. Қарасаз ауылына барып, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың бюстіне гүл шоқтарын қойды, әдеби-мемориалдық музейін аралады. Мәдениет үйінде қазыналы қарттарды қабылдап, дидарласты.

Қарасазға сапарында ауылдың кіреберісінен ғимарат тұрғызып, сүт өңдеу цехының жұмысын қолына алған «QARASAZ FOOD» ЖШС-нің жұмысын көрді. Серіктестіктің директоры Сәбит Әлиев зауыт шығаратын сүт өнімдерін көрсетті. Мұнда тәулігіне 15 мың литр сүт өңдеу жоспарланған. Болашақта  өз сауын фермасы болады. Аудан аумағындағы ауылдық округтерден сүт жинау, қабылдау  қолға алынбақ.  

Қайнар ауылдық округі аумағындағы «Жаңа жеміс» каналының жұмысымен танысу барысында аудандағы су келетін каналдар жайлы айтылды. Өңірдегі шаруашылықаралық 8 каналдың барлығын күрделі жөндеуден өткізсе,  қосымша 6 мың гектар жерді суландыруға мүмкіндік туады. Ал ішкі шаруашылық каналдары іске қосылатын болса, аудан бойынша қосымша тағы 3 мың гектар жер кәдеге асар еді. Биыл Райымбек ауданына республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлініп, каналдарды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынуда. 

Облыс басшысының  Райымбек ауданы халқымен жүздесуінде аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов өңір бойынша жарты жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндады. Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Облыста экономиканың тұрақты өсімі қамтамасыз етіліп келеді. Алайда, Райымбек ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 41,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 1,5 пайызға, құрылыс жұмыстары 9,2 пайызға, бөлшек сауда айналымы 2,9 пайызға төмендеген. Нарынқол өңірі картоп өндіруде алдыңғы орында болғанымен картоп өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Сыйымдылығы 5,5 мың тонналық 3 сақтау қоймасы алынған өнімнің 4 пайызын ғана сақтай алады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында тіркелген 3 кәсіпорынның біреуі ғана істеп тұр. Орташа есеппен жылына 29 мың тонна сүт сауылады. Бірақ бірде-бір тауарлы-сүт фермасы жоқ. Қолдағы бар ақпаратқа сәйкес 8 жекеменшік кәсіпкердің қолында 70 мың гектар жайылымдық жер пайдаланылмайды.

Өңірдегі каналдарды қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл жоба 2024 жылға дейін жалғасады. Жамбыл және Сүмбе ауылдарында жаңадан Мәдениет үйлері салынуда. Құрылыс жұмыстарының уақытылы бітпейтініне көздері жетіп отырған жергілікті тұрғындар мердігерлерге  наразы. 

Райымбек аудандық Мәдениет үйінің директоры Еркін Рақымжан Сарыжаз, Шалкөде және Тегістік ауылдық Мәдениет үйлерінің ғимараттары тексеру қорытындысы бойынша пайдалануға жарамсыз деп танылғанын айтып, жаңалары салынса деген өтінішті жеткізді. Облыстан келген өкіл аталған ауылдарда Мәдениет үйлерін салудың қажетті құжаттары дайын екенін, облыстық мәслихаттың қарауына ұсынылатынын атап өтті.     

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, зейнеткер Есен Қонаев таулы өлкедегі мал шаруашылығының, оның ішінде қой өсірудің түйінді тұстарын алға тартты. Экологиялық жағдайды сөз етті. Байынқол өзенінің бас жағынан тоспа салудың қажеттігін айтты. Нарынқол ауылының тұрғыны Құдайберген Ноғайбаев халықтың ұсыныс-тілегіне көз жұма қарайтын шенеуніктердің көптігіне қынжылыс білдірді. Екі ауданды қоңыр көмірмен қамтамасыз ететін «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясының директоры Ләззат Ботабекова Сарыбастау ауылынан «Ойқарағай» көмір кенішіне, одан ары «Ойқарағай» шекара бекетіне дейінгі облыстық маңызы бар 47 шақырым жол республика тарапынан назарға алынса деген ұсынысын ортаға салды. Жамбыл ауылының тұрғыны Айыпжан Қаптағаев жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары 2016 жылдан бастап қолға алынған Қаратоған ауылындағы ауызсудың қиын жағдайын сөз етті. Облыс әкімінің айтуынша, Қаратоған ауылын сумен жабдықтау жүйелерінің жобалық-сметалық құжаттарына түзетулер енгізілуде. 

Көмірші ауылының тұрғыны, фермер Бақытжан Нұрмұханбетов Сарыжаз ауылдық округіне қарасты Көмірші ауылы аумағында жалпы көлемі 1044 гектар суармалы жер барын, судың жетіспеушілігінен соның жартысын ғана игеріп отырғандарын, ауылдың тау жағынан үлкен тоспа орнатып, ағын суды жинақтап, молайтып беруге көмек жасалса деген тілегін жеткізді. Жиналыста халықты толғандырып келе жатқан жайылымдық жер мәселесі де көтерілді. Өңірдегі бірсыпыра шұрайлы алқаптар жеке адамдардың қолына өтіп кеткен. Игерілмей жатқан жерлер көп. Соның бәрін қайтарып алып, жайылымдық жерден тапшылық көріп жүрген аудан тұрғындарына беру керек. Сот арқылы 200 гектар жер қайтарылыпты. Әлі де 20 мың гектар жер қараусыз көрінеді. Облыс әкімі бұл бағытта да тексеру жұмыстарын жүргізіп, тиісті шешім шығару қажеттігі  жөнінде тапсырма берді. 

Сарыбастау ауылының тұрғыны Ержан Молдахметов сөз алып, аудан әкімінің жұмысы жұрт көңілінен шықпайтынын мәлімдеді. Облыс әкімі мемлекеттік шекара шетіндегі аудандарды дамыту тұрақты назарда болатынын, қозғалған мәселелердің қараусыз қалмайтынын, бір-екі жылдан кейін аудан әкімдерін де халықтың өзі сайлайтынын айтты.

Нарынқол ауылында тұратын, аяқкиім шебері, кәсіпкер ана Орынгүл Баратжан жергілікті жерде игілікті кәсібін одан әрі дамытуға, өрістетуге лайықты назар аударылмай жүргенін тілге тиек етіп, облыс әкімінен көмек сұрады. Таза теріден сапалы жасалған аяқкиімдерін көрсетті. Аудандық ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт ардагері Бекболат Бірбаевта жұрт көкейінде жүрген біраз проблеманы жайып салып, оларды шешу жолдары жайлы ұсыныстарын білдірді.

Жиын соңында Нарынқол ауылының тұрғыны, ауданның Құрметті азаматы Медетхан Абиыров облыстың тізгінін қолына алғалы батыр баба атындағы ауданға алғаш рет келіп отырған Марат Сұлтанғазиевтің қадамына құтты болсын айтып, ақ батасын берді.

Облыс әкімі іссапары соңында аудандық аурухананың жайымен танысты. Нарынқол ауылында салынып жатқан 20 несиелік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын көрді. Аудандық спорттық-сауықтыру кешенінде болды. Аудандық балалар шығармашылығы орталығы үшін сатылып алынатын бұрын «Байынқол» сауда орталығы болған екі қабатты ғимаратқа да назар аударды. Көлемі 1500 шаршы метрді құрайтын ескі ғимарат күрделі жөндеуден өткеннен кейін мұнда қазақ әдебиетінің классик жазушысы, әйгілі қаламгер Бердібек Соқпақбаевтың жеке мұражайы мен балаларға  арналған шығармашылық орталық ашылады.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы,

Алматы облысы