ҚАҢТАРДА БҮЛІНГЕН ҒИМАРАТТАР ӘЛІ ЖӨНДЕЛІП БІТКЕН ЖОҚ - ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 01.10.2022
Оқылды: 1700
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген ғимараттарды қалпына келтіру жұмысы әлі жүріп жатыр.

Мәселен, облыстық әкімдік ғимараты 31 қыркүйекте, ал Талдықорған қалалық полициясының мекемесі 31 тамызда аяқталуы тиіс болған. Қазір облыстық әкімдік ғимаратын қалпына келтіруге 5 млрд.850 млн.теңге қаржы бөлінген. Ал нысандағы жұмыстарды Алматының «Техноснаб-2002» деп аталатын мергігер компаниясы жүргізіп жатыр.

Жетісу облысындағы құрылыс басқармасының бастығы облыс әкімдігі ғимаратын қалпына келтіру жұмысының тек 45 пайызы ғана аяқталған дейді. Облыс екіге бөлінгендіктен қаржы дер кезінде түспеген, мердігер нысанды уақтылы тапсырып үлгермеді, сондықтан оларға ешқандай шара қолданылмайды.

«Біз мердігер компанияға шара қолдана алмаймыз, неге десеңіздер, бұлардың кінәсі жоқ. Мемлекеттік сараптаманың кеш шыққанына байланысты жұмыстар дер кезінде басталмады. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Өксікбайұлы нысанды 25 қарашаға дейін қосуға уақыт берді. Сондықтан мердігер де, біз де жұмыс жасап жатырмыз. 25 қарашаға дейін аяқтаймыз деп ойлаймын», - деді Жетісу облыстық құрылыс басқармасының басшысы Темірлан Бектасов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"