Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНДА ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ, ТАТУЛЫҚ ТАҚЫРЫБЫНДА ДӘРІС ОҚЫЛДЫ

Уақыты: 07.12.2022
Оқылды: 1284

Қонаев қалалық Мәдениет үйінде «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының қоғамдық келісім мен бірлік саласындағы рөлі» тақырыбында дәріс өтті. Оған ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйым жетекшілері, оның ішінде, депутаттар мен қоғамдық құрылым өкілдері, Ассамблеяның мүшелері мен сарапшылар қатысты.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған дәрістің мақсаты – қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз етуде Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының рөлін арттыру және осы бағыттарды жандандыру. Шараға Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жақыпов төрағалық етіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этносты қазақ халқының маңайына топтастырып, басты құндылық татулық пен достық, бірлік пен ынтымақты сақтауда теңдесі жоқ институт ретінде бүгінде өз міндетін толық атқарып келетінін атап өтті.

Дәрісте Жетісу облыстық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Ғалия Ақбасова «мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «берік отбасы – берік мемлекет» тақырыбы аясында кеңінен ой қозғады. Сонымен бірге, бала тәрбиелеу, анаға құрмет көрсету, әкені сыйлау және отағасының отбасындағы рөлі, әсіресе, бүгінгі әкелердің бала тәрбиелеудегі міндетті көбіне аналардың мойнына жүктелетіні және «Сіз қандай әкесіз?» тақырыбында өткен сауалнама барысында отбасы тірегілерінің 88-89 пайызы «қонақ әкеге» жатқызылғаны әңгімеленді. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ахыска» Алматы облыстық түрік этномәдени орталығының төрағасы Шахисмаил Асиев Қазақстан – көпұлтты, ұлан байтақ мемлекет екенін және қазақ халқы 100-ден аса ұлт өкілдерін бауырындай сыйғызып, тату-тәтті өмір сүріп жатқанын және қазақ тіліне құрметін жеткізіп, алғыс айтып, бас иді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Уйғур авази» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, "Қазақстан ұйғырлары" республикалық этномәдени орталығы» төрағасының орынбасары Ершат Асматов ел тұтастығына сызат түсірмей, бірлікті дәріптеп, ел берекесін арттыруға үлес қосып жүрген журналистердің де бұл істе маңызды рөл атқарып жүргенін әңгімеледі. Өз кезегінде Жетісу облысының қоғамдық медиаторы Шолпан Мұсанова да өз пікірімен бөлісті. Жиынға қатысушылар ой қозғап, тілектерін айтты. Соңында қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм мен азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру үдерісіне этносаралық келісімді қамтамасыз етуде алдағы уақытта да бірлесе жұмыс атқарылатынына сенім артылды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Қонаев қаласы,

Алматы облысы