САРЫӨЗЕКТЕ ЕКІ БАҒЫТ БОЙЫНША ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ЖҮРЕДІ

Уақыты: 26.01.2023
Оқылды: 1266
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылында екі бағыт бойынша қоғамдық көлік жүргізіліп, тұрғындардың көңілі шаттанды. Аудан басшылығының бастамасымен іске қосылған «Mercedes-Benz Sprinter» көлігі жолаушыларды жетер жеріне жылдам жеткізіп тастайды.

Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Раушан Бисембекованың айтуынша, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары бөлімі және тұрғын үй инспекциясы «Жеңіс» жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасасып, қоғамдық көліктің тұрақты жүруіне ықпал еткен. Соған орай былтыр 15 қарашадан бастап бір бағыт бойынша жолаушы тасымалдана бастаған. Одан соң биыл 3 қаңтардан екінші бағыт қосылып, жаңа ықшам аудан тұрғындарының орталыққа қатынауын жеңілдеткен.
Д. Қонаев атындағы орта мектептің мұғалімі Сандуғаш Оспанова осы бағытпен үйі мен жұмысының арасын жол қылыпты. 
– Елді мекен тұрғындарының жұмысқа, балалардың мектепке, басқа жолаушылардың күнделікті тіршілікпен жан-жаққа баруы оңайлады. Осыған орай халықтың игілігі үшін дұрыс бастама көтерген жергілікті атқарушы билікке ризашылық білдіргім келеді, – дейді мектеп ұстазы.
Жергілікті жұртшылықтың айтуына қарағанда жаңа жылға дейін бірінші бағытпен «Жеңіс» жеке кәсіпкерлігінің екі автобусы жүріпті. 2023 жылдың алғашқы күндерінен бастап іске қосылған екінші бағыт бойынша үш көлік жолаушыларға қызмет көрсеткен. Енді олардың қатары толығып, бес «Mercedes-Benz Sprinter»  жолға шыққан жолаушыны діттеген жеріне жеткізуге кіріскен.
Қоғамдық көліктің жүргізушісі Кенже Түсіпжанұлы: «Келісімшартқа байланысты таңғы сағат 7.00-ден кешкі 19.00-ге дейін тоқтаусыз жүреміз. Балаларды тегін тасымалдаймыз. Ересектердің жол жүру бағасы 80 теңге. Таңдап алған кәсібің-нің қоғамға тигізер пайдасы зор екенін көргенде көкірегіңді қуаныш кернеп, өмірдің мәні сонда екенін ұғына түседі екенсің», – деп жүрегін тербеген ризашылық пен мақтанышты жасыра алмады.
Шынында адамдарға пайдасы тигеннің қоғамның, мемлекеттің, ел мен жердің жақсаруында үлесі бар.

Мәди АЛЖАНБАЙ,
Кербұлақ ауданы