"Адамдар нан таба алмай отырса": Ринат Зайытов Мәжілісте жаңа жобаны "сойып" салды

Уақыты: 02.06.2023
Оқылды: 3221
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін Мәжілісте «Халықтың табысын 2029 жылға дейін арттыру бағдарламасы» кешенді жоспары жөніндегі жиында депутат Ринат Зайытов аталған бағдарламаны сынға алды, 7-su.kz желілік басылымы. 

Әуелі ол "Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша ескерту жасады. Депутаттың айтуынша, жақсы жобаларға берілуі тиіс қаражатты жұмыс істемейтін адамдар алып жатыр. 

«Ауыл аманаты» бағдарламасы барлығына ұнайды. Бірақ оның орындалу тетігінде біраз олқылықтар бар. Жергілікті жерде «Ауыл аманаты» бойынша қаржы алайын десе, міндетті түрде біреудің туысы немесе әкімдікке жақындығың болмаса, оны алу қиын. «Ауыл аманаты» бойынша дербес қаржыландыру орталығын құру мүмкіндігі бар ма? Мысалы, өңірлерден шағым түсіп, жобаларына қаржы берілмей жатыр десе көмек беретін. Керісінше, жұмыс істемейтін адамдар алып жатқан сыңайы бар», - деді депутат.

Жиында Ринат Зайытов халық нан таба алмай отырғанда кілем тоқитындарға қаражат бөлудің де тиімді тәсіл емес екендігін жеткізді. 

«Бағдарламада 90 мың тауарға талдау жүргізіліп, 37 тауар анықталды дейді. Кірістер деңгейін қамтамасыз ететін іс-шаралар және мемлекеттік қолдау шараларында бірнеше тауар түрі, өндіріс орындары көрсетілген. Бізде ең маңызды 37 тауардың құрамында кілем және кілем бұйымдарын өндіру, пластикалық терезе өндіру бар. Сіздер кілем өндіру мен пластикалық терезе өндіруді ашамыз дейсіздер. Бірақ бағасы жағынан Қытайдан, сапасы жағынан Еуропадан оза ала ма? Жоқ, тағы да ашылып, үлкен бастық лентасын қиып, тағы жабыла ма? Осы жағын ойластырыңыздар. Не бағдарлама бұл? Адамдар нан таба алмай отырса, кілем тігіп бергелі отырмыз. Бұл қалай сонда?», - деді ол.  

Бұдан бөлек, ол бағдарламалардағы сөз бе сөз қателіктерді де жіпке тізгендей атап шықты.

«Бағдарламаларыңызды жазған адамға дұғай сәлем. Қазақшасында «неудовлетвори́тельный» дегенді қанағаттанарлықсыз деп қарастыруға болады. Бірақ «критический» деген сыни деген сөз емес. Мен қазақ тілі мен әдебиеті маманы ретінде айтамын. Сын көтермейтін дейді қазақша. «Экстренный» деген шұғыл емес, ол «срочный» деген сөз, бұл жерде күттірмейді деп аударылады. Келесі жолы осындайларға назар аударыңыздар», - деді депутат.

Тағы оқи отырыңыз: "Онда кімнің көретінін білмеймін": Ахметжанов қазақстандықтардың полицей еңбегін бағаламай отырғанын айтты

Фото: ашық дереккөзден