Кісі өлтіру қылмыстарының 70 пайыздан астамы мас күйде жасалған

Уақыты: 09.06.2023
Оқылды: 700
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Еліміздегі кісі өлімінің 70 пайыздан астамы мас болып жасалған. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов түркістандықтармен кездесуінде айтты.

Марат Ахметжанов көпшілікті министрлікте атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырып өтті.

Сондай-ақ, қылмыстың алдын алу, ашу барысы бойынша қолға алынып жатқан тәсілдерді түсіндірді.

Министрдің айтуынша, еліміздегі кісі өлімінің 70 пайыздан астамы мас адамдардың қатысуымен болған.

Сондай-ақ, денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 65 пайызы, зорлау қылмысының тең жартысын, әрбір бұзақылықтың үшіншісін қылмыскерлер мас күйінде жасаған.

«Елімізде 5 жылда осындай қылмыскерлердің қолынан 2360 адам қайтыс болды. Түркістан облысында да мұндай жағымсыз жағдайлар бар. Бұған алкогольді бақылаусыз сату, маскүнемдерді емдейтін орталықтардың тапшылығы себеп болып отыр», - деді министр.

Сондай-ақ, Марат Ахметжанов тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әсер етуші факторларды да атап өтті.

Әлеуметтік тұрақсыздық, адами құндылықтардың төмендеуі, нашақорлық, маскүнемдік, ойынқұмарлық салдарынан отбасында кикілжің жиілегенін жеткізді.

«Маскүнемдік пен нашақорлыққа ойынқұмарлық қосылды. Бұл - қоғамға, елімізге қауіп төндіретін жағымсыз жағдай. Сараптама жасаған кезде ойынқұмарлыққа тігілген ақшаның сомасы 100 млрд теңге болған. Бұл - статистикалық ресми деректер. Тұрғын үй алуға Қазақстан халқы 47 млрд жұмсаса, ойынқұмарлыққа 100 млрд теңге жұмсайды. Қарапайым жұмысшылардың да ішінде ақшасын ойынға салып жатқандары бар. Отбасылық жанжал бірінші содан басталады. Бұл - ауру, індет. Тоқтату қиын»,-деді министр.

ҚазАқпарат
Сурет ғаламтордан алынды