ЖАРКЕНТТЕГІ ЖАРҚЫН ІСТЕР

Уақыты: 31.01.2018
Оқылды: 1412
Бөлім: КҮНДЕРЕК

     Қала тұрғындарының алдында есеп берген Жаркент қалалық округінің әкімі Ермек Нұрахметов былтыр елімізде болған үлкен жаңалықтарды таратып айтып, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауынан туындайтын мақсатты істерді жүзеге асыруға ежелден елі сергек, тарихы терең қала тұрғындарының өзіндік үлесін қосатынына сенімді екендігін атап өтті.

 

      Әкімнің айтуынша, округ қызметкерлері ҚР «Жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы» Заңын, басқа да нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа ала отырып, ел Үкіметінің шағын қалаларды дамыту бағдарламасы аясында кешенді жоспар жасап, жұмыс жүргізуде. Жаркент қаласын Жетісу аймағының көрікті қалаларының қатарына қосу үшін жыл сайын бюджеттен қомақты қаражат бөлініп келеді. Соның нәтижесінде соңғы 3-4 жыл ауқымында 30-дан астам қала көшесі асфальтталып, 7 көше жарықтандырылды. Біраз көшеге жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар жасалды. Былтыр наурыз айынан бастап қалаға 51 шақырым газ құбыры тартылып, 130 үй табиғи газды пайдалана бастаса, тағы 200-ден астам үй қосылуға дайын тұр.
     Еліміздің оңтүстік-шығыс шебіндегі көне қала жұрты ежелден ауылшаруашылығына етене жақын. Жаркент қаласының жұртшылығы былтыр 1318 гектар жерге егін егіп, 8 мың 192 тонна жүгері, 3001 тонна көкөніс, 996 тонна картоп, 918 тонна жеміс-жидек жинады. Бұл өнімдердің көпшілігі қала базарының сөрелерін байытып, азық-түлік бағасының тұрақтануына оң ықпал жасауда. Қала тұрғындарының 3350 ірі қара, 5050 қой-ешкі, 230 жылқы өсіріп, олардан былтыр 76 тоннадан астам ет, 26 тоннадан астам сүт, 13 тоннадан астам жүн өндіруі жаркенттіктердің шаруақорлығын айғақтайды.
Өндіріс орындары да барынша дамып келе жатқан қалада қазір ірілі-ұсақты 20-ға жуық өнеркәсіп нысаны халыққа қажетті өнім өндіреді. Солардың қатарындағы ең ірісі жүгері дәнінен крахмал, сірне және пропилен қап өндіретін «Универсал» ЖШС. Сонымен қатар, ағаш өңдеу және құрылыс материалдарын жасайтын 14 кәсіпорын, кондитерлік және аспаздық цехтар бар. Еліміздің оңтүстік-шығыс шебіндегі қала тұрғындарының 2775-тен астамы шағын және орта бизнеспен шұғылданып, олардың әрқайсының кем дегенде 2-3 адамды жұмыспен қамтып отырғаны ақиқат.
     Қала әкімі есепті баяндамасында инвестиция әкелу, көлік және байланыс жұмыстары мен қаланың тазалығына, абаттандыру шараларына, тұрғын үй салатын жер бөлу, сонымен қатар, халықты ауызсумен қамтамасыз ету, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғындардан салық жинау жұмыстарының жайына тоқталып, бұл бағыттардағы кемшіліктер мен жетістіктерді саралады. Биыл жүзеге асуы тиіс мақсатты істер қатарында қаланың тағы бірнеше көшесінің жарықтандырылып, жолдарының жөнделетіні қала тұрғындарын қуантты.
      Әкім есебін талдауға қатысқандар негізінен қаланың шетіндегі жаңа шағын ауданға автобус жүргізу, көшелерді жарықтандыру мен иесіз иттерді құрықтау мәселелеріне тоқталып, округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы