КӨМІР ТАПШЫЛЫҒЫ БОЛМАЙДЫ

Уақыты: 31.01.2018
Оқылды: 1740
Бөлім: КҮНДЕРЕК

   Жетісу жеріндегі көмір тапшылығын жою үшін өңірге 16000 тонна көмір жеткізіледі. Оның ішінде өңір орталығы Талдықорғандағы көмір тапшылығын жою үшін қалаға тоқсан вагоннан аса көмір әкелінбек. Бұл туралы Талдықорған қаласының аумағында орналасқан теміржол бойы көмір қабылдау тұйықтарын аралап, ондағы мән-жайды көзбен көрген қала әкімінің орынбасары Дәурен Жолжанов айтты.

 

      Дәурен Жолжановтың айтуынша, соңғы үш күнде Алматы және Талдықорған өңірлеріне Қаражыра және Шұбаркөл разрездерінен көп мөлшерде көмір жіберілген. Оның бір бөлігі Есік қаласындағы  қара отынға тапшылықты жою үшін сонда тасымалданады. Қазір өңір орталығына күнбе-күн жиырма вагонға жуық көмір келуде. Оның әрқайсысына 70 тоннаға жуық көмір тиелген. Бірақ келген көмірдің жетіспеуінің бір себебі, көбін теміржол бойынан шеткері Ақсу, Сарқан сынды алыс аудан тұрғындары тасып әкетуде. Сондықтан жергілікті тұрғындардың көмірге тапшылығы әзірге жойылмай отыр. Осыған орай, шаһар әкімдігі «Қазақстан теміржолымен» үнемі байланыс жасап, көмірдің тоқтаусыз жеткізілуін қадағалауда.
     Қала әкімі орынбасарының бұл пікірін одан әрі нақтылай түсу үшін Алматы және Алматы облысындағы көмір тапшылығана байланысты арнайы мәлімдеме жасаған ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың сөзін еске салуға тура келеді. Онда аталған сала министрі: «Көмір өндіру мен оны тасымалдау бойынша еш кедергі жоқ. Ақшасын төлеп тапсырыс берілсе болғаны. Қанша керек болса, сонша өндіріледі. Қаңтар айының соңғы күндері Жетісу өңіріне 16 мың тонна көмір жөнелтілді. Енді бірнеше күнде ол да барып түседі. Бастысы, жергілікті билік қадағалауды күшейтуі тиіс», – деген болатын. 
     Қадағалауды күшейту демекші, бұл туралы облыс әкімі де бұған дейін ескерткен. Сол ретте өңір басшысы соңғы күндері бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Талдықорған және Есік қалаларында көмір тапшылығы туралы сыни материалдар жарыққа шыққанын айта келіп: 
– Осыған орай жауапты қызметкерлерге көмір сатылатын жерлер мен теміржол тұйықтарында кезекшілік ұйымдастырып, бақылауға алуды тапсырамын. Ол үшін әуелі жасанды жолмен қатты отын тапшылығын ұйымдастырып, бағаны мейлінше көтеру арқылы халықты дүрліктіргендерді жауапқа тарту қажет, – деген еді. 
Бұл ретте, көпті дүрліктірген бағаның жайына байланысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әсет Қанағатовпен тілдестік. Басқарма басшысының айтуынша, қазір қала қоймаларындағы қара отынның бағасы тұрақты. Оның әр тоннасы 14,5 – 15 мың теңгені құрайды. Алайда алып-сатар саудагерлердің кесірінен бұл баға аяз қысқан бір аптаның ішінде 20 мың теңгеден артып, қарапайым халықтың қалтасына қиындық туғызған. 
Өңірде уақытша орын алған көмір тапшылығына байланысты тағы да бір түйткілдің болғаны рас. Ол – аймақтағы коммуналдық-тұрмыстық көмірді жеткізушілер мен сатушылар ауа райы жағдайына дайын болмағандықтан күрт өскен сұранысты дер кезінде қанағаттандыра алмаған. 
– Ауа температурасының күрт төмендеуінен 20-24 қаңтар күндері ондағы техникалардың көбі қаңтарылып, көмір өндіру көлемі азайды. Осыған байланысты отынды жеткізу кестесі де сақталмады. 25 қаңтардан бері көмір разрездеріндегі жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде, – деді Әсет Серікұлы. 
     Әкімдік өкілінің пікірінше, мұнда жеткізілетін көмірдің әр жолғы тасымал көлемі әртүрлі болатындықтан, сұранысқа байланысты аталған отын түрі кейде ерте таусылады. Бірақ, мұндай жағдайда қойма көп ұзамай толтырылады. Айталық, жылыту маусымында тұтас облысқа 1 миллион 430 мың тонна көмір қажет болса, қазір оның 1 миллион 308 мың тоннасы, яғни қыс маусымында өңір тұрғындары  тұтынылуы тиіс қатты отынның 93 проценті әзірленген. Бүгінде Талдықорған қаласында 16 вагон көмір түсірілуде. 
      Осы орайда, жүк көлігін қаңтарып, кезек күткен тұрғындардың бір тілегін айта кеткен де жөн. Олардың уәжіне құлақ ассақ, аймақтарда бағаның құбылуы – ол жерлерде теміржол бойына орналасқан қоймалардың жоқтығынан болып отыр дейді. Бұл да бір ескеретін жайт болса керек-ті.

Қозыбай ҚҰРМАН.