ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАУДЫҢ ЖАЛПЫ НЕГІЗДЕРІ

Уақыты: 10.02.2018
Оқылды: 1474
Бөлім: КҮНДЕРЕК

    Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілгендей, барлық адам заң мен сот  алдында тең, ешкім де сот үкімінсіз жасалған қылмысқа кінәлі деп танылуға жатпайды және қылмыстық жазаға тартылмайды. 


    Соттар Ата Заңның осы қағидаларын басшылыққа алып, әрбір қылмыстық істі заңға сәйкес қарай отырып, сотталушының қоғамдағы орнына немесе лауазымына қарамастан әділ жаза тағайындауға міндетті. 
Бұл ретте заңдылық пен құқық тәртібіне байланысты практикалық міндеттерді шешуде мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің бір тармағы болып табылатын қылмыстық заңның рөлі едәуір. Ол заңбұзушылықтың қылмыс сияқты аса қауіпті түрімен күресуге бағытталған. Бұл күресте қылмыс жасаған адамға жасаған ісіне сәйкес жаза тағайындалады. 
    Жаза дегеніміз – соттың үкімі бойынша дайындалған мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады және, Қылмыстық кодексте көзделгендей, адамды құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе оларды шектеу болып табылады. Оны қылмыс жасаған адамға мемлекет атынан сот қана үкім негізінде қолдана алады.
    ҚР Қылмыстық кодексінің 52 бабының талаптарына сәйкес қылмыс жасаған адамға оның түзелуi және жаңа қылмыстардың алдын алу үшiн қажеттi және жеткiлiктi жаза тағайындалуға тиiс. Егер жасалған қылмыс үшiн көзделген жазаның онша қатаң емес түрi жазаның мақсатына жетуін қамтамасыз ете алмайтын болса ғана ол үшiн көзделгендерi арасынан неғұрлым қатаң жаза тағайындалады. 
    Сот билігіне қатысты заңгерлер арасында сот шешімі заңды болуы керек пе, әлде, әділетті болуы керек пе деген астарлы, үлкен ұғым бар. Қолданыстағы Қылмыстық кодексте сот үкімінің заңды да әділетті болуына объективті жағдайлардың бәрі қарастырылған. 
    Мысалы, жаза тағайындау кезiнде қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауiптiлiк дәрежесi, айыпкердiң жеке басы, сонымен бiрге оның қылмыс жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуiне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тiршiлiк жағдайына ықпалы ескерiледi.  


Е. Үстелбаев,
Жамбыл аудандық
сотының төрағасы