Табыс толымды, жұмыс жүйелі

Уақыты: 13.02.2018
Оқылды: 1151
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Балқаш ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші толымды. Аграрлы аудан саналатын аймақтың мал мен басы тең өсуде. Бір ғана «Агробизнес – 2020» бағдарламасына орай өңірде 5000 басқа арналған екі мал бордақылау кешені жүйелі жұмыс істеп тұр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов айтты. 

Брифингте Ғалым Тоқпейісов ауданда былтыр атқарылған жұмыстар мен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралай келіп, биылдың еншісіндегі міндет пен болжамдарды да нақтылап өтті.  Мәселен, мұндағы халықтың негізгі табыс көзі – егін және мал шаруашылығы. Былтыр аймақ ауылшаруашылығы саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, ішкі жалпы өнім (ІЖО) 21 млрд. 546 млн. теңгеге жеткен. «Бұл 2016 жылғы есептік көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге артық», – дейді аудан басшысы.
Тарқатып айтар болсақ, былтыр егін шаруашылығында атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 30 мың гектарға жуық жерге егін егілген. Сонымен қатар, ауылшаруашылығы техникалары паркін жаңарту жұмыстары да қолға алынған. Тетігі мен кем-кетігі бүтінделген парктің көктемгі егіс науқанына дайындығы да ойдағыдай. Ал мал шаруашылығы бойынша тірі салмақта 16 мың тонна ет өндірілсе, ет экспорты бойынша арнайы бекітілген жоспарға сәйкес «ӨтесБиоАзия» ЖШС 30 тонна ірі қара мал етін Қырғыз еліне экспорттады. Асыл тұқымды мал басын көбейтіп, бордақылау алаңдарын салу жұмыстары да ретімен іске асуда. 
Өнеркәсіп саласында 1266 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, аймақ экономикасына 2787 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға да жан-жақты қолдау көрсетіліп, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы төрт жоба іске асырылған. 
Бөлшек сауда айналымы 3307 млн. теңгені құрап, мыңнан аса кіші кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеген. Нәтижесінде бұл сала бойынша алты жүзге жуық адам жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек, аймақ  бойынша он ауылдық округте қуаттылығы тәулігіне төрт тонна нан түрін шығаратын 11 наубайхана халыққа қызмет көрсетеді. Онда 40-қа жуық адам жұмыспен қамтылған. Келешекте бұл нысандардың қатары тұтынушы сұранысына орай шағын наубайханалармен толыға түспек. 
Ғалым Қасымұлының айтуынша, шағын бизнес субъектілерінен 390,4 млн. теңгеден аса салық және басқа да міндетті төлемдер жиналып, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда артығымен орындалған.      
Аудан басшысының баспасөз-мәслихатында әлеуметтік сала бойынша да жағымды жаңалықтар тілге тиек етілді. Айталық, отыз мыңнан аса тұрғыны бар өңірде экономикалық белсенді халық саны 15 мыңнан аса адамды құраса, жұмыспен қамтылғандар саны 14699 адамға жеткен. Тиісінше, жұмыссыздар ретінде 857 адам тіркелген.  Бұл ретте, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында атқарылған ауқымды істерді де атап өткен жөн. Аталмыш бағдарлама аясында төрт жүзге жуық жаңа жұмыс орындары ашылып, жоспар 100 пайыз орындалған. 
Жиында халықты баспанамен қамту мәселесі де назардан тыс қалмады. Былтыр жеке тұрғын үй жоспары 4200 шаршы метр болса, ауданның жеке тұрғындары есебінен 4700 шаршы метр болатын 51 үй салынған. Осы ретте, құрылыс саласы бойынша жүргізілген жұмыстардың көлемін айта кетуге болады. Яғни, 2016 жылмен салыстырғанда аталған жұмыс көлемі 879 млн. теңгеге артып, оған жұмсалған жалпы қаражат 3358 млн. теңгеге ұлғайған.  
Аймақ басшысы Ғалым Тоқпейісов журналистермен болған кездесуде аудандағы күрмеуі қиын мәселені де айналып өткен жоқ. Нақты айтатын болсақ, өкілінің айтуынша, денсаулық сақтау саласы бойынша ауданда дәрігерлер жетіспейтін көрінеді. Осыған байланысты қазір салаға қажет мамандар тарту жұмыстары жүруде.     

Қ. ӘБДІҒАПАР