Қауіптің алдын алу қажет

Уақыты: 13.02.2018
Оқылды: 1266
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жұма күні облыстық әкімдікте төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында комиссия отырысы өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов жүргізген жиын селекторлық режимде өтті. Комиссияның отырысына төтенше жағдайлар департаменті, ауылшаруашылық басқармасы, «ҚазАвтожол» мекемесі, денсаулық сақтау басқармасының басшылары және аудан, қалалардың әкімдері қатысты. 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов жиынның регламентімен таныстырып, баяндама жасау үшін төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Юрий Чернышовқа сөз берді.
Баяндамашы өткен жыл қорытындысы бойынша мәліметтерді келтіре отырып, бірқатар мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша былтыр 12 су тасқыны тіркелген. Бұл мәліметтер Жамбыл, Іле, Қарасай аудандарына қарасты елді мекендерде болған. Бұл жағдайға байланысты тиісті жұмыстар атқарылып, қауіптің беті қайтарылған. Департаменттің қызметкерлері жергілікті басқару орындарымен бірлесе жұмыс істеп, қауіпті аймақтарды бақылауға алды. Таулы аймақтарда қар, лай көшкіні болмауын бағдарлап, кезекшілік жұмыстарын атқарды. Осындай нақты мәліметтерді айта отырып, биылғы жылдың негізгі жұмыстарын да тілге тиек еткен баяндамашы қазіргі уақытта барлық сақтық шаралары қолға алынып, төтенше жағдай департаментінің түрлі техникалары мен қауіпке тосқауыл болатын жасақтары сақадай сай тұр деп атап өтті.
Одан кейін ортаға ауылшаруашылық басқармасының басшысы Сексембай Бекішов шығып, ауылшаруашылығына қатысты су жинақтау қоймаларының жай-күйін атап өтті. Бүгінгі таңда егін алқаптарын сумен қамтамасыз ететін су жинау бөгеттері барлық талапқа сай. Су деңгейі қалыпты. Әзірге ауа райының суық болуына байланысты тоң 70 см-ге дейін қатып тұр. Сонымен қатар, жекеменшік су қоймаларының басшыларына және жергілікті басқару органдарына тапсырма жүктеліп, кезекшілік жұмысын жіті бақылау тапсырылған. 
Осындай деректермен басқа да жауапты мекемелердің басшылары ақпар беріп, ақпан айының аяғына дейін ауа райының қалыпты болатынын нақтылады. Жиын соңында таулы аймақтардың әкімдері есеп берді. Іле, Райымбек, Талғар аудандарының әкімдері  өздерінде атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізгендей етіп атап өтті. Барлық облыстық, республикалық маңызы бар автожолдағы көпірлер мен су өткізетін құбырлар тазаланып, дамбылар биіктетілген. Таудағы қар қалыңдығы өлшеніп, өткен жылмен салыстырғанда төмен екендігі анықталған. Жиын соңында Лаззат Махатұлы комиссия мүшелеріне, аудан әкімдеріне тапсырма жүктеді. 

Әмір САНА