Қызмет түрі көбейеді

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 1055
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда кәсіпкерлерге қызмет көрсету түрі артады. Қызметтер «бір терезе» қағидасы бойынша көрсетілмек. Бұл жаңалық облыстық өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен, мемлекеттік органдар мен табиғи монополиялар субъектілері өкілдерін Талдықорған қаласының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында орналастыру мәселелеріне арналған жиында айтылды. 

Шара өңірлік кәсіпкерлер пала-        тасы директорының орынбасары Әсет Шаяхметовтің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті директорының орынбасары Данияр Сабырбаевтың, өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Баниямин Файзулиннің, сондай-ақ облыстық құрылымдар басшыларының, табиғи монополиялар субъектілері мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтті. Облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Ерлан Датқаев бұған дейін монополист кәсіпорындардың жұмысын кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында ұйымдастыру бойынша кездесулер өткенін айтты. 
– Біздің міндетіміз – кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау. Өздеріңіз білетіндей, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бизнеске сегіз түрлі сервистік қызмет көрсетіледі. Бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту орталығымен азаматтарға арналған Үкімет өкілдіктерін біздің орталықта орналастыру бойынша келісімге қол жеткізілді, – деді Ерлан Датқаев. 
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінінің облыс бойынша департаменті директорының орынбасары Данияр Сабырбаев мемлекеттік қызмет көрсететін монополист кәсіпорындарды жұмыстарын трансформациялап, «баяғыша» қызмет істеуден бас тартуға шақырды. 
Біз кезектерден, кассалар мен қолма-қол төлемнен бас тартып, бірыңғай форматқа ауысуымыз қажет. Бұл адамдардың коммуналдық төлемдерін төлеуге қолайлы жағдай жасайды. «Бір терезе» қағидасы арқылы біз көрсетілетін қызмет түрін жақсартып, өзара байланысты күшейтеміз. Бүгінде табиғи монополиялар субъектілері ескі тәсіл бойынша жұмыс істеуде. Мәселен, электронды есептеуіштер орнатылғанымен түбіртектер қағаз түрінде беріледі, – деп атап өтті Данияр Сабырбаев. 
Жиын соңында Талдықорған қаласының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бірқатар мемлекеттік органдар мен табиғи монополиялар субъектілерін орналастыру жөнінде шешім қабылданды. Алдағы айда кәсіпкерлерге «бір терезе» режимінде Талдықорған қаласының сәулет және қалақұрылысы және Талдықорған қаласының жер қатынастары бөлімі, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы, Халыққа қызмет көрсету орталығы, сонымен бірге «ТАТЭК» АҚ, «Жетісу су құбыры» ҚМКК, «Талдықорғанжылусервис» КМК, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалы сынды табиғи монополиялар субъектілерінің өкілдері қызмет көрсететін болады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА