ТАРИХ ТУДЫРҒАН ТУЫНДЫ

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 1255
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тіл сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы таныстырылды. Шарада өңірдің ақын-жазушылары, зиялы қауым мен жас буын өкілдері бас қосты. 

Айталық, Қазақстан халқы  Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай,  облыс әкімі баспасөз қызметінің бас инспекторы Сағыныш Намазшамова, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андас, «Текелі тынысы» қалалық  газетінің бас редакторы Торғын Тұрлыбаева Елбасының  жылдар жүгін арқалаған туындысы туралы баяндама жасап, толғамды ойларымен бөлісті.
Публицистика жанрында тәпсірленген еңбек қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шыққан. Оны бір сөзбен Президенттің тәуелсіздік туралы ой-толғамдарының жиынтығы деуге де болады. Тәуелсіздік шежіресін тұтас қамтыған кітап төрт бөлімнен тұрады: «Мемлекеттің дүниеге келуі», «Ұлы бетбұрыс», «Қияға құлаш сермеу» және «Қалыптасқан мемлекет». 
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаевтың айтуынша, туындыда жаңғырудың үш бірдей толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Яғни Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі»  атты еңбегі  – еліміздің өткен жылдарда бастан кешкен тарихын жүйелі баяндаған құнды еңбек. 
– Елбасы еңбегінде үлкен саясаттан бастап, ел тарихындағы маңызды оқиғалар, тәуелсіздік тарихының әлеуметтік қырлары, рухани-мәдени құндылықтар толық қамтылған. Біз тарихтың үлкен оқиғалардан тұратынын ескерсек, бұл кітапта сол кезеңдердің түйткілді түйіні, күрделі күрмеуі қалай шешілгені анық көрсетілген, – дейді Айдар Кәрбозұлы.
Өз кезегінде баяндамашылар кітапта тәуелсіздіктің қадір-қасиеті, бостандықтың баға жетпес байлығы, мемлекеттілікті жетілдірудің мол мүмкіндіктері егжей-тегжейлі жазылғандығын айтты.
– Президент: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады», – деп кітаптың  мазмұнын айқындап берді. Шынында да, тарихи-публицистикалық жанрда жазылған кітапта   еліміздің өткені мен болашағына қатысты автордың көзқарасы егжей-тегжейлі баяндалады,  – деді   Ғабит Тұрсынбай. 
Бұдан соң сөз алған ақындар Сағыныш Намазшамова,  Қажет Андас,  Торғын Тұрлыбаевалар  Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы жастарды ертеңгі күнге сеніммен қарауға жетелейтін бірден-бір құнды туынды екенін тілге тиек етіп,  кітаптағы ақпарат саласы бойынша айтылған сөздерден ой қаузады.
Тарих туғызған Елбасы туындысы Қазақстан халқы үшін ғана емес, Орта Азияның өткені мен ертеңін зерттеушілерге үлкен септігін тигізер құнды қазына болмақ. Бұл кітапты парақтай отырып тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағын көреміз.  Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты елеулі еңбегі – бір дәуірдің айнасы іспетті, – деді жиынды қорытындылаған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы.
Кеш барысында  жұлдызды жұп  Әліби Бекайдар мен Гүлнұр Нұрасылова  «Елім менің» әнін шырқап, отырысты одан әрі  әрледі.
 
Қ. ӘБДІҒАПАР