Талдықорғанда түнгі велошеру өтті

Уақыты: 23.06.2024
Оқылды: 496
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда «Біз есірткіге қарсымыз» акциясы аясында түнгі велошеру өтті.

Қала әкімдігінің қолдауымен өткен спорттық шараға шаһар басшысы өзі бастамашы болып жалпы 250-ге жуық адам қатысты.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, шараның басты мақсаты – жұртқа салауатты өмір салтын ұстануды кеңінен дәріптеп, бұқаралық спортты қолдау. Талдықорғандағы Қадырғали Жалаири даңғылынан бастау алған түнгі велошеру қаланың шығысындағы Жеңіс саябағында түйінделіп жалпы 9 шақырымды құрады. Түнгі шеруге қатысушылар арасында аймақтағы кәсіби велосипедшілер, мемлекеттік қызметкерлер және қала тұрғындары бар.

Жиналған жұрт алдында сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл түнгі велошеруге қатысуға келген барша қауымға сәттілік тілеп, ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, ол мұндай игі шаралардың бұдан былай да жалғасын табатынын жеткізді.

Осы орайда бұл велошеруге белсенді атсалысқан «BIKE TEAM», «Velopark.tdk», «Velofiends» және Velotrveltekeli велосипедшілер қауымдастығының өкілдері ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдіріп, айрықша алғысын айтты. Шара барсында шеруге қатысушылар арасында лоторея ойындары ойнатылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

                                                                  Айдын КӘЛІМХАН