ОЙНАЙЫҚ ТА КҮЛЕЙІК

Уақыты: 12.08.2024
Оқылды: 376
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында Халықаралық жастар күніне орай Жетісу облысы әкімінің кубогі үшін республикалық «Jaidarman» ойыны өтті. Ойынға елімізге танымал 9 үздік команда, сондай-ақ, Жетісу облысынан 2 команда қатысып, бақ сынады.


Күлкі мен шығармашылықтың нағыз мерекесіне айналған кеште үздік командалар өз өнерін паш етті. «Jaidarman»– қазіргі таңда ауқымды аудиторияны қамтыған, ең ірі жастар қозғалысының бірі. Бүгінде жайдарлы жайдарманшылар үшін ұлттық болмысты қалыптастырып, ел игілігіне қызмет ететін тәлімді тәрбие беру үлкен міндет.Қоғамға үлестерін қосып, еліміздің рухани байлығын кеңейтуге, мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға атсалысып жүрген өнерлі де талантты жастар елімізде баршылық.

Ойынға семейлік «Шатыр», түркістандық «Ақбұлақ», тараздық «ОЮ», алматылық «Атлант SU», астаналық«Краш», «Талдықорған» құрамасы, талдықорғандық «Қыздар-Ай», шымкенттік «Төле би», қостанайлық «Рудный»командалары бақ сынады.

Әкім кубогін «Қазақстан КВН одағының» Президенті – Есентүгел Елеукен жүргізді. Ойынға Нұрсұлтан Құрман, Сабина Мовлаева, Думан Төребаев, Рамис Кулахметов сындытұлғалар қазылық етті. 

Аталмыш сайыста 3-орынды түркістандық «Ақбұлақ», 2-орынды алматылық «Атлант SU», 1-орынды шым қаладан келген «Төле би» құрамасы ұтып алды. Жалпы жүлде қоры 1 900 000 теңге. 1-орынға  1 000 000 теңге, 2-орынға 500 000 теңге, 3-орынға 300 000 теңге, «Үздік ойыншыға» 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар берілді. Сондай-ақ, көрермендердің көңілін көтерген командаларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар табысталды.

Айғаным АЙТМҰХАН