Тал-терегімен көрікті

Уақыты: 11.04.2018
Оқылды: 1171
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Аудан көлемінде тазалық жұмыстарымен қатар көгалдандыру және абаттандыру да қолға алынған. «Бір тал кессең, он тал ек» демекші, бүгінге дейін аудан көлемінде 1750 түп әртүрлі ағаш көшеті отырғызылды. Оның ішінде Бақанас ауылының кіреберісіне 400 түп, саябақ маңына 22 түп қарағай, Д. Қонаев атындағы саябақ ішіне 60 түп, «Балқаш Таза су» кәсіпорнының ғимараты алаңына 100 түп және көппәтерлі үйлер алаңына 50 түп ағаш егілді. 

Тазалық маусымы басталғалы бері облыс көлемінде әр сәрсенбі күні «Таза орта» және әр жұма күні «Таза сенбілік» шаралары өткізілуде. Ауданымызда заңсыз күл-қоқыс орындарын болдырмау мақсатында рейдтік жұмыстар да ұйымдастырылуда.
Осыған орай, өңірімізге тазалық айлығын бақылаушы топ мүшелері арнайы келді.  Аталмыш комиссия құрамында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы            М. Искаков пен Қ. Мұхаметқалиев, облыстық экология департаментінің бас маманы С. Саркеев, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің бас маманы С. Ахметов, облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасының жетекші маманы Н. Құрбанов болды. Аудан әкімінің орынбасары Қанат Ақылбеков бастаған комиссия мүшелері ауданға қарасты бірқатар ауылдық округтерді аралап, тазалық айлығының жоғары деңгейде жүргізіліп жатқандығын көріп қайтты.   
Санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру айлығында айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта да мұндай тазалық жұмыстары өз жалғасын табады. Тазалық жұмыстары үзіліссіз жүргізілгенде ғана айналамыздың жасыл желекке оранып, таза мекенге айналатыны сөзсіз. Осы орайда ауданның әрбір азаматы сенбілікке атсалысуы тиіс.

Алтынай СЕЙТКЕН 
Балқаш ауданы