«Гарнизон аруы» анықталды

Уақыты: 13.04.2018
Оқылды: 851
Бөлім: КҮНДЕРЕК
Панфилов аудандық Мәдениет үйінде Жаркент өңіріндегі бір гарнизонға біріктірілген әскери бөлімдерде қызмет ететін қыз-келіншектердің арасында «Ақыл мен ажар» атты арулар байқауы өтті. Байқауды гарнизон командирі, полковник Сәкен Сәрсенов ашып, жарысқа қатысушы жауынгер қыз-келіншектерге сәттілік тіледі.
Жайшылықта әскери киім киіп, салмақты көрінетін нәзік жандылар байқау барысында сәнді көйлектерін киіп, жанарлары жарқылдап, Қыз Жібектей құлпырып шыға келді. Сан түрлі өнерлерімен көрермендерін тәнті еткен арулар алты кезең бойынша сайысқа түсіп, екі сағат бойы зәулім сарайды думанға бөледі. Алдымен өздерін әнмен, жырмен таныстырған арулар екінші кезеңде көктем мерекелеріне арнап тіккен көйлектерін киіп шығып, ісмерліктерін танытты. Екінші кезең мен үшінші кезектегі ас әзірлеу байқауына көрермендермен қатар әділқазылар алқасы да дән риза болып, өзара сайысқа түскен он аруға да жоғары бағаларын берді. 
Арулардың өз өнерлері мен кешкі көйлек үлгілерін көрсету кезеңдері де жоғары бағаланды. Дегенмен, жарыс болған соң оның жеңімпаздарының болары да даусыз. Байқау барысында ең жоғары балл жинаған 74261 әскери бөлімнің сарбазы, ефрейтор Фарида Ниязова «Гарнизон аруы» атағын жеңіп алса, бірінші орынды 2091 әскери бөлімінің ефрейторы Дариға Иманбаева, екінші орынды 96617Д әскери бөлімнің сержанты Мөлдір Түгелбаева, үшінші орынды 74261 әскери бөлімнің қызметкері Назгүл Ахтанова иеленді. 
 
М. МАНАПҰЛЫ