Көрпелер көрмесі өтті

Уақыты: 13.04.2018
Оқылды: 1234
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақ мәдениетінің ең байырғы, аса құнды салаларының бірі – қолөнер, оның ішінде ою-өрнек. Ою-өрнек әсемдік пен сәндіктің белгісі ғана емес, сонымен бірге, халықтың арман-ойының, тілек-мүддесінің нышаны. 
Дәстүр жалғасы болып табылатын қолөнер, ою-өрнектеріміздің  әжелер үшін құны жоғары. Оны бүгінгі ұрпаққа насихаттап, табыстау да аналарымызға артылып отырған зор жауапкершілік. Осы орайда әжелер Қапал ауылдық Мәдениет үйінде өткен «Аналар өнегесі» атты қолөнер байқауына қатысып, көрмеге жастар көрсін, үйренсін деген ниетте әдемі, небір көздің жауын алатындай құрақ көрпелерін, өрнектелген сырмақтарын, кестелерін қойып, оның жасалу жолдарымен таныстырды. Өздері де көз майын тауысып, қолдан жасаған қолөнер бұйымдарына тамсана қарап: “Мынаны жас кезімде тоқып едім, қайран жастық шақ-ай”, – десіп жатты. Өкінішке қарай, бұл сырмақ, текемет, ши түрлерін осындай көрме кезінде, Наурыз мерекесін тойларда, үлкен әже-апалары бар үйлерден, болмаса қазақы қаймағы бұзылмаған  қандас ағайындардан іздеп, зыр жүгіріп кететініміз жасырын емес. Ауылдағы қандай да бір маңызды іс-шаралардың басы-қасында жүретін Шәкура Достыбаева, Елеусіз Қызайбекова, Бақыт Оспанова, Күләндә Әкімжанова, Оралхан Болатова, Жұмаш Жөкеева сынды аналарымыз әрдайым ақыл-кеңестерімен қасымыздан табылады. Апайларымыздың  үйретері көп болсын дегіміз келеді.

Айгүл КӨКЕНОВА,
Қапал ауылдық Мәдениет үйінің әдіскері
Ақсу ауданы