«Талдықорған-Балпық би» бағытында жүретін газель жүргізушілері жекеменшік автобекеттің аумағына тоқтайды. Жуырда кәсіпкер қызмет құнын өсіретінін айтқан. Жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниядағылар бұл шешіммен келіспейді. Ал бекет иесі сотқа жүгінбекші.
Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы kaz.inform.kz сайтының мәліметіне сүйеніп хабарлайды.
Балпық би ауылы облыс орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан. Шағын елді мекеннен қалаға қатынап жұмыс істейтін азаматтар, студенттер баршылық. Екі ортадағы бағытта жолаушы тасымалымен «Ақ-Нұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Шамамен күніне 20-25 газель жүреді. Ал аялдама автобекеттің аумағында. Жуырда кәсіпкер әр жүргізушіден ай сайын 15 мың теңгеден төлем қабылдайтынын айтқан.
«Осы жұмыста жүргелі 10 жыл болды. Талдықорғанға күніне 2 рет барамыз. Жол ақысы – 300 теңге. Таңертең жұмыс, сабақ уақытында адам көп, түс кезінде бос кететін кезіміз бар. Автобекетке әрқайсысымыз күніне 200 теңгеден төлейміз. Табысымыз күнделікті жан бағуға жетеді. Мына тұрақтың ақшасын көтермекші, оған ешкімнің қалтасы көтермейді. Жүргізушілер онсыз да әрең жандарын бағып отыр», - дейді газель жүргізушісі Еркінбек Базарбек.
Кәсіпкерлер келісімшартқа отырмаған. Өйткені бірі қызмет сапасына, екіншісі бағасына келіспейді. «Ақ-Нар» компаниясының өкілі кезінде бұл аумақ ортақ мақсатта пайдаланатын жер болғанын айтады. Құзырлы органнан жекеменшікке қалай өтіп кеткенін тексеруді талап етеді.
«Құжат бойынша бұлар жерді алып алған. Айналасын бәрін алып алған. Машиналарды енді кіргізбейміз деп отыр. Бұрын 10 метрдей ме автобустың тоқтайтын жері болған. Жолаушылар отыратын. Ал басқа жер ортақ мақсатта пайдаланатын жер болған. Енді «1 қарашаға дейін рұқсат береміз, одан кейін кіргізбейміз» дейді. Не себепті десем, «Бізбен келісімшартқа отырмадыңыз» дейді. Отырайық десек, бұл автовокзал емес, құжатында автостанция болғанымен бірақ автостанция ретінде ештеңесі жоқ. Автобекет жоқ болса да, біз автотұраққа ақшасын төлейік, бір сомаға келісейік десек, жоқ, бұлар «15 мыңнан түспейміз» дейді», - деді «Ақ-Нар» ЖШС директорының орынбасары Күнсұлу Бикешова.
«Бұл – біздің жекеменшік жер. Сол жерден «Ақ-нар» өздері жолаушы тасмалдап жатыр. Біз бұл автобекетті несиеге сатып алдық. Бізде де кредит төлейтін қаржы жетпей жатыр. Сол себепті қызмет құнын көтермекпіз. Егер бағаға келісе алмасақ, сотқа жүгінемін», - дейді автобекет иесі Абай Қаташ.
Көксу аудандық әкімдігінің қызметкерлері қоғамдық көлік аялдамасына беретін басқа жеріміз жоқ дейді. Ал автобекет аумағындағы жерге қатысты кәсіпкер шағымымен тексеріс жүреді деп сендірді.
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform