БОЛАШАҚТЫҢ ЖАРҚЫН КЕПІЛІ

Уақыты: 15.05.2018
Оқылды: 1029
Бөлім: КҮНДЕРЕК

   Мамандық таңдау – жасөспірім кезеңдегі ең маңызды шешімдердің бірі. Әр адам өз өмірінде: «Мен қандай мамандық иесі боламын?» – деген сұрақтарға жауап іздейді. Үлкен өмірге қадам басқан жас ұланның алдында мыңдаған мамандықтан өзіне лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады. Мамандық таңдаудағы ең үлкен артықшылық – оның заман талабына сай және өзекті болуында. Соңғы жылдары көптеген мамандық жойылып, нарықтың сұранысына байланысты жаңа мамандықтар пайда болуда.

 

   Бүгінде Қазақстандағы сұранысқа ие мамандар әр- түрлі салаларда шоғырланған. Дамушы нарықтық экономикада сауда, қызмет, қаржылық қызметтерге сұраныс өсуде. Бұл тізбекте соңғы кездері маркетингтің рөлі артуда. Көптеген адамдар маркетингті жарнамамен шатастырып, байланыстырады, бірақ бұл басқа нәрсе. Шын мәнінде, жарнама – маркетинг салаларының бірі. Маркетинг –  кез келген заманауи ұйымның басты үдерістерінің бірі болып табылады. Өнімді  өндіретін немесе сататын кез келген фирма өз жұмысының нәтижесі нарықта қаншалықты сұранысқа ие екендігін, бәсекелестердің қандай тауар ұсынатынын және тұтынушылар өнімге қандай баға төлей алатындығы туралы ақпаратқа ие болу керек. Маркетолог – бұл өнімге деген сұранысты талдайтын, сондай-ақ, нарықтық зерттеулер жүргізетін адам.
   Мамандықтың басты артықшылығы – заманауи өмірдегі өзектілігі. Осындай маманның қызметіне әрбір заманауи компания мұқтаж. Бұл әртүрлі қуаттылықтағы өнеркәсіптік кәсіпорын немесе шағын жарнамалық компания болуы мүмкін. Маман әрқашан  қандай салада және қандай кәсіпорында жұмыс істейтінін өз қалауы бойынша таңдау жасай алады.
   Бүгінгі күні өз қызметінде жоғары табыс табуға қызығушылығы бар әрбір фирма және кәсіпорында маркетинг бөлімі енгізілуде. Ал маман иесіне еңбек нарығында жұмыс табу үшін сапалы білім ордасын да дұрыс таңдаған абзал. Көптеген жыл бойы Қазақстанның еңбек нарығында білікті мамандарды даярлауда үлес қосқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Маркетинг» мамандығы жылдар бойы оқытылып жатыр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдік рейтингтегі университеттердің қатарына кіреді, сонымен қоса «Ұлттық рейтингтегі» алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны болып табылады. «Маркетинг» мамандығының студенттері халықаралық университеттермен «Қос диплом», «Академиялық мобильдік» бағдарламалары бойынша шетелде білімдерін жалғастырып, еңбек нарығында өздерінің бәсекелестік артықшылықтарын жоғарылатуда. Бұл ҚазҰУ-дың әлемдiк бiлiм беретiн кеңiстiкте бәсекеге қабiлеттiлiгін жоғарылатады.


Айдана УРАКОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Маркетинг» мамандығының
4-курс студенті;
ғылыми жетекшісі

А. БЕЙЖАНОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЭжБЖМ, «Менеджмент және маркетинг» кафедрасының аға оқытушысы, э.ғ.к.