БАЛАМАСЫ ЖОҚ КЕШЕН АШЫЛДЫ

Уақыты: 15.05.2018
Оқылды: 1227
Бөлім: КҮНДЕРЕК

   Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылының аумағында  еліміздегі ең ірі нысандардың бірі «Молл Апорт» сауда және ойын-сауық кешенінің үшінші кезеңі пайдалануға берілді. Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әлихан Тойбаев және Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев қатысты. Құрметті қонақтар жаңадан бой көтерген әсем ғимараттың лентасын кесті. Одан кейін «Home Mart» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  бас директоры Ерлан Мұқашев сауда және ойын-сауық кешенінің ішін  таныстырды.

 

   «Молл Апорт» сауда және ойын-сауық кешені Алматы облысы мен қала тұрғындарына 2009 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді.Тұтынушылардың сауда жасап, көңіл көтеруіне барынша жағдай жасаған  кешен былтырдың өзінде облыс бюджетіне 594 миллион теңге көлемінде салық төлеген болатын. Ал, жаңадан бой көтерген ғимараттың жалпы аумағы 210 мың шаршы метрді алып жатыр.  «Молл Апорттың» үшінші кезеңін салуға 23 млрд. 450 млн. теңге қаржы жұмсалған.  167 дүкен, 7 заманауи кинотеатр, 2 аквапарк және 5 мың орынды автотұрақ жұмыс істейтін кешенде 4 мың адам еңбек етіп, бір күнде 25 мың адамға дейін қызмет көрсетіледі деп күтілуде.
   Алдында айтып өткендей, «Молл Апорт» сауда және ойын-сауық кешені аумағы мен көрсетілетін қызмет ауқымы жөнінен әлемдегі ең жаңа технологияларды пайдалану  тұрғысында елде бірегей жоба болып саналады. Алдымен Қазақстандағы тауар түрлерін сататын «Магнум» желісіндегі «гипер» форматы бойынша жұмыс істейтін ірі «Магнум» дүкенін аралап көрген Амандық Ғаббасұлы  мұнда сатылатын тауарлардың түрі мен сапасына көңіл бөліп, отандық өндірушілермен жұмыс істеуге кеңес берді.
   Бүгіндері қазақстандықтарды  шетелдерде шығарылатын озық брендті тауарлармен таңдандыру қиын. Осы орайда, әлемге әйгілі  «Respect», «Rieker», «Ostin», «Твое», «Спортмастер», «SMAN», «Glasman» өнімдері кешен дүкендерінен кеңінен орын алғанын айта кету керек.  Ал «Балалар әлемі», «Kari», «Kari Kids», «Евромебель», «Gloria Jeans», «Технодом», «Colins», «FLO», «Сулпак», «LC Waikiki», «Koton», «Defacto» сынды брендтер мұнда жаңаланған ірі форматта қызметтерін көрсетеді. «Mohito», «Cropp», «Sinsey», «Haus», «Reserved» брендтері аясында жұмыс істейтін дүниежүзіне белгілі LLP компаниясы Қазақстанда тұңғыш рет өз өнімдер топтамасын 2018 жылдың қыркүйегінен бастап тек «Апорт» моллында ғана ұсынатын болады. LPP компаниясына тиесілі Еуропадағы ең үздік жаңа бес бренд заманауи ритейлде жұртшылықтың зор қызығушылығын тудыратын ерекше брендтер екенін жұртшылық білсе керек.
  Елдегі тұңғыш дүкендерін «Апорт» моллында ашқан еуропалық, түріктік және  ресейлік озық брендтер бұрынғысынша кешеннің алдыңғы қатарлы жалгерлері ретінде өз қызметтерін жалғастыруда. Олардың қатарында «Ostin», «LC Waikiki», «Koton», «Kari», «DeFacto», «ТВОЕ», FLO, «Miniso», «Детский мир», «Спортмастер», «Sman», «Giasvan», «Kari Kids»  сынды  көптеген «ізашар» брендтер бар.
   Осыдан кейін қонақтар барлық маусымда қызмет көрсеткен «Miami aquapark & SPA» кешенінің жұмысымен танысты.  Ауқымы мен форматы жағынан Орталық Азияда теңдесі жоқ бірегей жоба болып табылатын аквапарктің  жалпы ауданы 25000 шаршы метрден асады. Саябақ ішіндегі Қазақстандағы ең үлкен SPA орталығы (23000 шаршы метр), «Hawaii-дегі» бассейнге қарағанда төрт есе үлкен толқынды теңіз (1860 шаршы метр) қонақтардың көңілін жаулайтын басты қызыққа айналмақ. Жазғы аквасаябақта баллондармен сырғанауға болатын «ағысы баяу өзен» аттракционы жұмысын бастауға дайын. Жаңа SPA кешенінде қонақтар косметологиялық, релаксациялық қызметтердің барлық түрін пайдаланып, моншада рахаттанып демала алады. Әртүрлі тақырыпта безендендірілген кең моншалар, сауналар, бірегей декор элементтерімен әшекейленген хамамдар саябақ ішіндегі көз тартар орындарға айналған. Ең қызықты, сәнді әрі озық технологиялардың барлығы осы кешеннің концепциясында қамтылған. Сондықтан,  «Miami aquapark & SPA» әлемдік стандарттарға сай келетін кешен деуге толық құқымыз бар.
   «Молл Апорт»  кешенінің «Hawaii» аквасаябағының көп бөлігін балаларға арналған суда ойнайтын қалашық алып жатқаны белгілі. Сондықтан «Miami-дің» екінші аквасаябағы көбіне ересектерге арналған. «Miami aquapark & SPA» кешенінде суды дайындайтын арнайы бөлімі бар, онда 12 адам қызмет көрсетеді. Суды бассейнге ағызбай тұрып, әбден тазалайды. Кейін әр сағат сайын су ультрафиолет, құммен сүзгілеу сынды заманауи тазалағыш жүйеден өтіп, қажетті сапасы сақталады. Бұл  кешенге келушілердің дансаулығына кепілдік беретін тағы бір жүйе. «Соған қарамастан бағалар қолжетімді болатындай деңгейде қалады», – дейді Ерлан Құмарұлы. «Біз адамдардың өз уақытын мәдени түрде демалып, жақсы өткізгенін қалаймыз. Қазір «Miami aquapark & SPA» кешеніне арнап керемет шегерімдерді және бонустарды беретін ұсыныстар дайындалып жатыр. Біздің басты тілегіміз – қазақстандықтар демалыстарын есте қаларлықтай жарқын мерекелік көңіл күйде өткізсе дейміз!» – деп атап өтті ол. «Miami aquapark & SPA» кешені 1 маусым – балаларды қорғау күні толықтай қызметіне кіріседі.
   Елдегі ең ірі «Апорт» моллы әлеуметтік маңызға ие жобаларды қолдауға қашанда дайын екенін аңғартты. Бұл бағытта 2018 жылдың осы жазда моллдың 5 гектарлық аумағында спорттық алаңдары, демалыс аймақтары, жасанды көлі мен амфитеатры бар мәдениет және демалыс саябағының құрылысы басталады. Бұл саябақ молл қонақтарына бүкіл отбасымен демалысты қызықты өткізіп, спортпен шұғылдануы үшін толықтай тегін қызмет көрсетеді деп күтілуде.  «Молл Апорт» кешені қонақтар өз уақытын жайлы өткізуі үшін 5000 көлікті сыйдыра алатын автотұрақты ұсынады.  Сондай-ақ, қалаға және қала шетіне қатынайтын 20-дан аса автобустық бағыт іске қосылмақ. Бұл бастама Алматы қаласы және Алматы облысы әкімдіктерімен бірлесе отырып дайындалды.
   Жаңадан пайдалануға берілген сауда және ойын-сауық кешенінің ішін аралап, мұнда көрсетілетін қызмет түрлерімен танысқан Амандық Ғаббасұлы атқарылған іске ризашылығын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы.