Талдықорғанда жол жөндеу жұмыстары жалғасуда

Уақыты: 05.11.2024
Оқылды: 564
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда алдағы уақытта жақсы жолдардың үлесін 86 пайызға жеткізу жоспарланған.

Осыған байланысты биыл қала аумағындағы жол жөндеу жұмыстары қарқынды.

Жауаптылардың сөзінше, жол жөндеушілер қазір қаланың «Шығыс» шағын ауданындағы жалпы ұзындығы 10 шақырымнан асатын 7 көшеге асфальт салу жұмыстарын қолға алған. Ретке келтіру ісі келер жылы толық аяқталып, жаңадан салынған жолдар ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

 – «Жол салу ісі қанша жылдан бері айтылып әбден жауыр болған мәселенің бірі еді. Әсіресе көктем-күз айларында мұндағы жұрттың жүріп тұру өте қиын болатын. Осы өзекті мәселе бойынша қала әкіміне мұңымызды айтып, жүгінген едік. Көп ұзамай Ернат Бәзіл мырза өзі берген уәдесінде тұрып, жол жасау жұмыстары басталды. Осы орайда қала әкіміне айтар алғысымыз шексіз», - дейді аталған «Шығыс» шағын ауданның тұрғындарды.

Мамандардың мәліметінше, биылғы жылы жалпы қала бойынша 54 шақырымға жуық жолды ретке келтірілу көзделген. Онда негізінен «Жастар-1», Солтүстік-Батыс және 8,9 шағын аудандардың көше жолдары қамтылған. Ал, жөндеуге тиіс жолдардың 29 шақырымға жуығы жаңадан салынатын жол болса, 14,6 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілуге тиісті жолдар.

 Айдын КӘЛІМХАН