ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛДІ

Уақыты: 24.05.2018
Оқылды: 1145
Бөлім: КҮНДЕРЕК

   Облыс әкімі Амандық Баталов Қарасай ауданына ат басын тіреп, актив жиынын өткізді. Алқалы басқосуды ашқан өңір басшысы бұған дейін Қарасай ауданының әкімі қызметін атқарып келген Махаббат Бигелдиевтің басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылғанын хабарлады.

 

– Махаббат Сәдуақасұлы облыс әкімінің орынбасары, бірқатар ауданның әкімі болып еңбек еткен жылдары өзін білікті маман, шебер ұйымдастырушы ретінде көрсете білді. Қарасай ауданын басқарған кезеңде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өнері мен мәдениетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосты.  Махаббат Сәдуақасұлына алғысымды білдіре отырып, алдағы уақытта жаңа қызметте жемісті еңбек етіп, ел әлеуетін арттыра береді деп сенемін, – деді облыс басшысы.
   Осыдан кейін Амандық Ғаббасұлы Қарасай ауданының әкімі қызметіне өзі ұсынған Жандарбек Далабаевтың тағайындалуына аудандық мәслихат депутаттарының келісім бергенін айтып, оның еңбек жолына тоқталып өтті.
Амандық Ғаббасұлы жаңадан тағайындалған әкімнің жұмысына жоғары баға бере келіп, оның Қарасай ауданының әкімі қызметінде жоғары жетістіктерге жететініне сенім білдірді.
   Осыдан кейін сөз алған Махаббат Сәдуақасұлы облыс әкіміне бірге еңбек еткен жемісті жылдары үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта да күш-жігері мен білім-білігін өлкенің өркендеуіне арнайтынын жеткізді. Жаңадан тағайындалған әкім Жандарбек Далабаев өз сөзінде Амандық Ғаббасұлына көрсетіп отырған сенімі үшін рахмет айтып, Қарасай ауданы ол үшін бөтен емес екенін, аудан азаматтарының қолдауымен өңір экономикасын арттыруға күш-жігерін аямайтынын жеткізді.
   Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов алдымен Махаббат Бигелдиевтің азаматтығы мен еңбекқорлығын, бірге қызмет істеген жылдардағы табыстарын айтып, соңынан Жандарбек Далабаевтың жұмысына жеміс тілесе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Қыдыралиев екі азаматқа жоғары баға беріп, жаңадан тағайындалған әкімге ақ батасын арнады.
   Актив отырысын  қорытындылаған Амандық Ғаббасұлы жиналған жұртшылыққа облыста атқарылып жатқан іргелі істер жайлы баяндап, Елбасының кіндік қаны тамған Қарасай ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту, елді мекендердің тазалығы мен жол сапасын арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Осыдан кейін облыс әкімі бастаған қауым жаңадан тағайындалған әкімді қызмет орындығына отырғызды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.